Тергеу барысында күдіктінің неге мұндай қылмысқа барғаны анықталатын болады.
ERNUR.KZ. Алматы облысының полицейлері Панфилов ауданының 37 жастағы тұрғыны күдікті ретінде ұсталған «жалған терроризмнің» тағы бір дерегін анықтады, деп жазады BAQ.KZ.
Оқиға Алматы облысының Панфилов ауданында тіркелді. 18 қаңтарда «102» арнасына Көктал ауылының әкімдігі мен жергілікті учаскелік пунктіне жарылғыш заттың қойылғаны туралы хабырлаған белгісіз ер адамның қоңырауы түсті.
«Аталған елдімекенге аудандық полиция мен өзге де құқық қорғау органдарының қажетті құрамы тартылды. Ауыл әкімдігі мен полиция пунктіне жақын орналасқан алты үйдің тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді. Шақырылған саперлар аталған нысандарды толығымен қарап, ешқандай жарылғыш зат таппады»,- деп атап өтті облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Екі күн ішінде тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жергілікті 37 жастағы азаматты ұстады. Қазіргі уақытта күдікті азамат Панфилов ауданы полициясының уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды.
«Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында күдіктінің неге мұндай қылмысқа барғаны анықталатын болады», - деп атап өтті облыстық полиция өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін де Алматы облысы аумағында осындай оқиғалар Қарасай және Панфилов аудандарында тіркеліп, тәртіп сақшылары күдіктілерді анықтаған болатын.