Алматы облысының түлегі ҰБТ-дан 140 балл жинады

0
227

Жаннұр информатика және математика пәндерін таңдаған.


Алматы облысының түлегі ҰБТ-дан 140 балл жинады

ERNUR.KZ. Талғар ауданы Қарабұлақ ауылының 22 орта мектебінің оқушысы Жаннұр Еңсебек ұлттық біріңғай тестілеуден 140 балл жинады, деп жазады sputnik.kz.

"Жаннұр аудандық, облыстық олимпиадаларға жиі баратын. Жүлделі орындар алып жүрді. 140 балл алдым деп ең бірінші маған хабарласқанда "Осындай да ғажап қуаныш болады екен-ау" деп қатты толқыдым. Өзім бастауыш пәні мұғалімімін, әкесі инженер, қарапайым отбасымыз. Жаннұр болашақта ІТ маманы болсам, Қазақстанға үлесімді қосқан азамат болсам деп армандайды", - дейді анасы Жанар Әубәкірова.

Жаннұр информатика және математика пәндерін таңдаған. Ұлттық біріңғай тестілеуге оныншы сыныптан бастап дайындалған.

“Қандай балл жинаймын, ата-анамның, ұстаздарымның үмітін ақтай аламын ба деген қорқыныш болды. Қаңтар айында ҰБТ-дан 121 балл, наурыз айында 137 балл жинадым. Соңғы тестілеуден 140 балл бұйырыпты” - дейді Жаннұр Еңсебек.

Сонымен қатар ҰБТ-дан 138 балл жинаған Саясат Жанұзақ Алматы облысы Талғар ауданында білім алған.

Саясат Жанұзақ Талғар ауданындағы "Ахмет Байтұрсынұлы атындағы 7 жалпы білім беретін лицей орта мектебінің" түлегі.
"Мектепке дейінгі кезде өзге балалар сияқты далада доп қуалауға түк қызықпайтынмын. Үйде өзімнің сүйікті ойыншығым – констукторлардан түрлі ұшақтар, роботтар, көліктер құрастыратынмын. Өзімнің ең жақын деген бір досым болатын, сол досыммен бірге далада құрастырғыш ойыншықтардан жасаған заттарымызбен ойнағанды сүйетінбіз", - дейді Саясат Жанұзақ.
Орта буынға өткен кезде сабақтардан қиыншылық көргенмін, жаңа мұғалімдерге бірден үйренісіп кеткен жоқ едім, дейді Саясат.

"Ұстаздарым Ұлжас Исаева, Жазира Есімжан апайларымды ерекше атап өткім келеді. Мектептегі әрбір пәнді, әсіресе физика, математика, биология, информатика және химия пәндерін ерекше зейінмен оқыдым. Өзіме қызық тәуелсіз түрде биологиялық тәжірибелер жүргіздім, ағылшын тілінен халықаралық IELTS емтиханынан 7.0 баллын алып, C1, яғни еркін сөйлеу деңгейіне жеттім", - дейді оқушы.

Саясаттың бар ұстазына алғысы шексіз. Өйткені мұндай белеске мұғалімдері болмаса жетуім мүмкін емес дейді ол.
"Мен 138 баллмен Қазақстан-Британ техникалық университетінде "Робототехника және мехатроника" мамандығы бойынша оқуға түсейін деп жатырмын. Медициналық роботтар жасау арқылы еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытып, жүйелерді автоматтандырып, елімнің дамуына септігімді тигізгім келеді. Өзімнен үлкен үміт күтемін", - дейді Саясат Жанұзақ.
Еске сала кетейік, 2019 жылы Түркістан облысы Сарыағаш ауданының түлегі Жұбай Қасымжан Әділжанұлы жинаған.
Ал 2021 жылы ҰБТ-дан 140 балды павлодардық түлек Данияр Уәлиев алды.
Дәл осы жылы Оралда екі мектеп түлегі ҰБТ-дан ең жоғары - 140 балл жинады. Олар - Гүлшат Бекқалиева мен Әйгерім Қонар. Екеуі де дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында білім алған.