Осыған байланысты "Қазгидромет" мамандары үндеу жасады.
Фото: akorda.kz
ERNUR.KZ. "Қазгидромет" РМК-ның мәліметіне сәйкес, 1 шілдеде болжанып отырған нөсер жауын-шашынға байланысты таулы аймақтарда сел жүру қаупі сақталады, деп жазады inbusiness.kz.
Қазір ҚР ТЖМ, "Қазселденқорғау" және Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
"Жағдай тұрақты бақылауда, сел қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізілуде, құтқару бөлімшелері жедел әрекет етуге дайын", – делінген хабарламада.
Халықты жедел хабардар ету мақсатында Наурызбай ауданында жергілікті құлақтандыру жүйесі іске қосылды. Бұл – тұрғындарға ақпаратты уақтылы жеткізуге бағытталған алдын алу шарасы.
"Сабыр сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенулеріңізді сұраймыз. Өз қауіпсіздігіңіз үшін ауа райы тұрақталғанға дейін Іле Алатауы тауларына барудан және демалыстан уақытша бас тартуды қатаң түрде ұсынамыз", – деп ескертті мамандар.


