Қазір төбелеске қатысқан екінші қызға қатысты іс жүріп жатыр.
Фото: скриншот
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде Алматыдағы Қонаев университетінде студент қыздардың төбелесі тарап, қызу талқыланып жатыр. Онда жәбірленуші делінген қыз өзіне шабуыл жасалғанын айтып, шағымданғаны байқалады. Қос бойжеткеннің арасындағы жанжал 2025 жылғы 17 желтоқсанда болған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Абай облысы мен Атырау облысынан келген студенттер жатақханада жеке бас араздығының әсерімен сөзге келіспей қалып, бөлмеде төбелескен. Шаш жұлысқан қыздардың оқиғасына өзге студенттер куә болған. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, тебелеске бір қыздың екіншісіне ұзақ уақыт әлімжеттік жасағаны себеп болған.
«Сол уақытта олардың бірі кәмелетке толмаған еді. Екеуі де бір-бірін жұлмалап, жарақат келтірген. Полиция жасағы оқиғаны тіркеді. Қылмыстық кодекстің 108-1 «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. Төбелескен қызды бірі - Абай облысының тұрғыны соттың шешімімен кінәлі деп танылып, қоғамдық жұмыс түріндегі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал екінші тарап - Атырау облысының тұрғыны қатысты тергеудің толықтығын, объективтілігін және жан-жақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған тергеп-тексеру әрекеттері жалғасып жатыр», - деді редакция сұрағына жауап берген Бас Прокуратура өкілі.
Ресми органның жауабына сәйкес, әділі, төбелескен екі қыз да өз әрекетіне жауап береді. Әлеуметтік желіде таралған ақпаратта оқиға біржақты ғана көрсетіліп отыр. Онда атыраулық тұрғын жәбірленуші етіп көрсетілген.
«Тараптың біреуіне артықшылық беруге не тергеп-тексеру барысына араласу туралы қандай да бір үстемдік беруге негіз жоқ», - деді Жоғары қадағалау органынан.
Сонымен қатар, Алматы прокуратурасы жауапкершілікке тартылған қыз баланың шенді туыстары іске ықпал етіп отыр деген мәлімет те жоққа шығарды.
«Тараптардың біріне қамқорлық көрсету туралы бұрмаланған түсінік тудыратын мәліметтер таратылуда. Бұл тұжырымдар шындыққа жанаспайды. Қақтығысқа қатысушылардың туыстық, қызметтік немесе өзге де байланыстарының процестік шешімдер қабылдау кезінде, маңызы жоқ және болуы да мүмкін емес. Заң алдында бәрі тең. Азаматтарды тек ресми ақпаратты ғана басшылыққа алып, тексерілмеген мәліметтерді таратпауды сұраймыз», - делінген ресми жауапта.
Қонаев университеті өз студенттеріне қатысты түсініктеме берген. Оқу орны екі студенттің де ата-аналары құқық қорғау органдарының қызметкерлері екенін атап өткен.
«Аталған оқиға бойынша университет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданды. Жедел қызметтер шақырылды, қызметтік тексерулер өтті, қатысушылар мен куәгерлерден жазбаша түсініктемелер алынды, ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылып, мәселе Әдеп жөніндегі комиссияда қаралды. Қарау қорытындысы бойынша университеттің ішкі нормативтік актілеріне сәйкес тиісті тәртіптік шаралар қабылданды. Бүгінде студент Қонаев университетінің жатақханасында тұрып жатыр және университет тарапынан оған барлық қажетті жағдай жасалған», - делінген жауапта.


