Алматыда аурухана төсегіне таңылған әскери қызметкер қараусыз қалған

0
1 177

Әскери бөлімдегілер жауапкершіліктен қашып, бар кінәні әскери қызметкердің өзіне артқан.


Алматыда аурухана төсегіне таңылған әскери қызметкер қараусыз қалған

фото: кадрдан скринделген

ERNUR.KZ. Алматыда 61993 әскери бөлімінде жарақат алған әскери қызметкердің туыстары шу шығарды. Олар оқыс оқиғадан зардап шеккен Әдіхан Маралов қараусыз қалды дейді, деп жазады ktk.kz.

Ал әскери бөлімдегілер жауапкершіліктен қашып, бар кінәні әскери қызметкердің өзіне артыпты. Екі апта бұрын оқу-жаттығу барысында кіші сержанттың үстіне гараж қақпасы құлап, омыртқасын оңбай жаралаған екен. Оқыс оқиғадан кейін әскери бөлімде қызметтік тексеріс басталды.

Телеарна тілшілерінің айтуынша, Әдіхан Мараловтың туыстарынан он күннен бері маза кеткен. Өйткені 61993 әскери бөлімінде болған оқыс оқиға туралы тірі жан жақ ашпайды. Командирлер мән-жайды түсіндірмек түгілі, есіктен шығарып салады екен.

"Әскери бөлімде жұмыс жасап, осындай болды. Адамгершілік тұрғысынан командирлер неге жауап бермей жатыр? Кеше де келдім. Жауап беретін адам "анда кетті, мында кетті" дейді. Енді кім жауап береді? Бір адам мүгедек болып қалды. Бір отбасыны асырап отырған әлі жап-жас жігіт. Оның отбасын енді кім асырайды?", - дейді сарбаздың туысы Сәбира Дәуренбекова.

Оқу-жаттығу барысында келісімшарт бойынша қызмет ететін кіші сержанттың үстіне гараж қақпасы құлап, омыртқасын жаралаған. Қазір тепсе темір үзетін жігіт аурухана төсегіне таңылған. Оған кемі алты ай күтім керек. Әскери қызметкердің денсаулығына алаңдаған туыстары еміне кететін қаражатты Қорғаныс министрлігі "толық мойынына алсын" дейді.

"Менің жолдасыма көмек ретінде еміне көмектессін және де барлық шығындарды төлеп берсін. Бұл жағдай жұмыс уақытында орын алды, менің есігімнің алдында қақпа құлаған жоқ. Және де қауіпсіздік техникасына жауап беретін кісілер жазаланып, басын алып қашып отырған басшыларға әділ жаза талап етемін", - дейді Мараловтың жұбайы Береке Бірлікқызы.

Қазір арнайы комиссия құрылып, оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. Денсаттық-шабуылдаушы әскерлерінің командирі қарамағындағы қызметкер "қараусыз қалмайды" деп сендірді. Оған толыққанды ем көрсетіліп, аяғынан тұрып кеткенше бақылауда болады дейді.

"Осы мәліметтер бойынша әскери полиция қызметтік тексеріс өткізіп жатыр. Нәтижесі кейін белгілі болады. Ол әскери адам болған соң, дәрі-дәрмектері тегін болады. Ол бокстың қақпасы. Ескі еместігін айта алмаймын", - деп пікір білдірген 61993 әскери бөлімінің командирі Бегімбет Тәжібаев.

Әскери бөлімде жарақат алған Әдіхан Маралов қазір әскери госпитальде ем-дом қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Ал кіші сержанттың қарулы күштер қатарына оралуын әскери-медициналық комиссия анықтайды.