Алматыда әйел 7 жастағы өгей қызын ұрып өлтірді деген күдікке ілінді

0
547

Әйел қызды соңғы рет үлкен дәретін жіберіп қойғаны үшін басын қабырғаға ұрған.


Алматыда әйел 7 жастағы өгей қызын ұрып өлтірді деген күдікке ілінді

ERNUR.KZ. Алматыда 7 жасар қызды өлтірді деген күдікпен өгей шешесі қамауға алынды. Марқұм болған Карина Закураеваның жақындары 47 жастағы әйелдің жеткіншекті 4 ай бойы сабап келгенін айтады. Ал, туған әкесі оған мүлде араша түспеді дейді, деп жазады tengrinews.kz.

Олардың айтуынша, әйел қызды соңғы рет үлкен дәретін жіберіп қойғаны үшін басын қабырғаға ұрған. Қатты соққыдан миына қан құйылып қайтыс болған. Қызды бағып-қаққан әжесі мен көршілері енді ұлын да жазалауды сұрап отыр.

"Карина үлкен дәретін жіберіп қойған. Содан кейін ол әйел қызды ваннаға кіргізіп, басын қабырғаға ұрған. Басы тесіліп, есінен танған. Сөйтіп, жерге бүкіл салмақпен құлаған. Сосын әкесіне "Меніңше, өлтіріп қойдым" деп қоңырау шалған. Осыған дейін 4 ай бойы тоқтамай ұрып жүргенін кейіннен білдім", - дейді Каринаның туысқан әпкесі Екатерина Закураева.

Қайғылы оқиға осыдан 3 күн бұрын Си-Синхая көшесіндегі үйде болған. Каринаның әкесі бұл жерге қыркүйек айында көшіп келген. Ал қазіргі әйелімен бірге соның үйінде 6 ай тұрып, 7 жасар қызын наурызда әкеледі. Көршілері өгей шешесімен қоса, туған әкесінің де қызды ұрып жүргенін көріпті.

"Менің балконымнан олардың терезесі көрінетін. Әкесі кішкентай қызға белбеумен ұмтылды. Содан кейін Балжан деген әйел жеткіншектің мойнынан ұстап, бөлмеге лақтырып жіберді. Байқұс қыз ұшып кетті. Кейін мен кішкентай Каринаны ауладан көрдім. Жақындап, үңіліп қарасам, қабағы жарылып, қолдары кесілген, мойнында ересек адамның алақанының ізі тұрды. Өзінен не болды деп сұрасам "Ауладағы бала қылқындырды" деп айтады", - дейді көршісі Ольга Берникова.

Туыстарының айтуынша, Каринаның әкесі ішімдік ішеді. Қыз бірінші әйелінен. 10 айлығына жеткенде туған шешесі қашып кетіпті. Содан бері хабар жоқ. Анасыз қалған нәрестені әжесі қолына алып, 7 жасына дейін баққан. Алайда осыдан 4 ай бұрын әкесі инспекторлармен келіп, қызын алып кетті дейді.

"Өгей шешесі 4 ай бойы ұрып жүрген. Ал әкесі оған мүлде мән бермеген. Өзі де ұрыпты. Олар менен немеремді тығып жүрді. Мен полицейлерге арыз жазғанмын. Бірақ ешкім қабылдамады. Прокуратураға да бардым. Түк шықпады", - дейді Каринаның әжесі Елена Закураева.

Сөйтсе қыздың әкесі Елена Закураеваның туған баласы да емес екен. Оны да 2 айлығынан асырап алыпты. Қазір ол жалдамалы жұмысшы. Нақтырақ сантехник, электрик.

"Аулада жұмыс істеп жүрген кезде ол маған хабарласып, "Қызды өлтіріп қойған сияқтымын" деді. Үйге келіп, дәрігерлерді шақырдық. Негізі азаматтық некедегі әйелім қызымды жиі ұратын. Мен жұмысқа кеткен кезде қызым үлкен дәретін жіберіп қойса ұратын. Бірнеше рет қызым екеуіміз далада да түнегенбіз. Өзінен "Не үшін ұрасың?" деп сұрасам "Енді тиіспеймін" деп айтатын", - дейді Каринаның әкесі Бәкен Закураев.

Полицейлер 1976 жылы туған әйелді ұстады. Оған қатысты "Адам өлтіру" бабы бойынша іс қозғалды.

"Алматы полиция департаменті Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігі бойынша тергеліп жатқанын хабарлайды. Күдікті - 1976 жылы туған Т.есімді азаматша ұсталды және қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр", - дейді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.