Қазақстан кроссовка үшін Азиада алтынынан айырылды: Спорт министрлігінің мәлімдемесі

0
89

​Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі Азия ойындарындағы спорттық жүріс марафонында Ясмина Тоқсанбаеваның нәтижесінің жойылуына қатысты пікір білдірді.


Қазақстан кроссовка үшін Азиада алтынынан айырылды: Спорт министрлігінің мәлімдемесі

Фото: ҰОК/ Арлан Олжабай

ERNUR.KZ. Қазақстандық спортшы жарыста жеңіске жеткенімен, тыйым салынған аяқ киім үшін марапатсыз қалды, деп жазады tengrisport.kz.

Қазақстан құрамасы Азияда алтынынан ресми түрде айырылған соң, Tengri Sport Туризм және спорт министрлігіне Тоқсанбаеваның лайықты алтыннан айырылуына кім жауапты болатынын анықтау үшін сауал жолдады.

Біз министрлікке мына сұрақтарды қойдық:

Мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін және жауапты тұлғаны анықтау мақсатында министрлік тарапынан тергеу жүргізіле ме?

  1. Қазақстандық спортшылар жабдықтарының барлық ережеге сәйкестігін кім қадағалауы тиіс?
  2. Құраманы Азия ойындарындағы маңызды медальдан айырғаны үшін жауапты тұлғаға қандай жаза қолданылады?
  3. Егер бұл жағдайда спортшының кінәсі болмаса, оған Азия ойындарындағы жеңісі үшін сыйақы төлене ме?

Ведомство жауабында Тоқсанбаеваға қатысты жағдайды ішінара түсіндірді.

"Ясмина Тоқсанбаеваның XX жазғы Азия ойындарындағы өнері спорттық жүріс марафонында бастапқыда ең үздік нәтижемен аяқталды, алайда кейін дисквалификация туралы шешім қабылдануына байланысты бұл нәтиже жойылды және Қазақстан қоржынына медаль ретінде есептелмейді.

Жарысқа арналған аяқ киімге қойылатын талаптар жеңіл атлетика бағдарламасының барлық түрінде жарыстың техникалық ережелерімен қатаң реттеледі. Спортшылар өздерінің спорттық шеберлік деңгейі мен біліктілігіне сүйене отырып, жеке және аға жаттықтырушылар құрамымен бірлесіп, халықаралық регламенттерге сәйкес келетін спорттық аяқ киімді кәсіби түрде таңдайды.

ҚР Жеңіл атлетика федерациясы call room-да (стартты күту аймағы - ред. еск.) старт алдындағы тексеріс кезінде ескертудің болмауы спортшыны аяқ киімін уақытылы ауыстыру құқығынан айырғанын атап өтіп, наразылық білдірді", - делінген жауапта.

Сондай-ақ министрлік чемпионға тиесілі барлық сыйақы төлемін ҚР Жеңіл атлетика федерациясы толық көлемде жүзеге асыратынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Жеңіл атлетика федерациясы қазақстандық спортшының нәтижесіне наразылық білдіруге себеп болған кроссовканың нақты моделі World Athletics рұқсат берген аяқ киімдер тізімінде болмағанын түсіндірген еді. Бұл ретте осы марканың басқа кроссовкалары тізімде бар.

Бұдан бөлек, федерация қалыптасқан жағдай бойынша жауапкершіліктен қашпайтынын мәлімдеді.

"Федерация жауапкершіліктен жалтармайды. Спортшыны сапалы дайындау мен жарыстағы нәтижеден бөлек, белгіленген регламенттер мен техникалық талаптардың сақталуы, сондай-ақ халықаралық спорт ұйымдарында спортшылардың мүддесін тиімді қорғау маңызды мәнге ие", - деп атап өтті олар.

Ал спортшының өзі әлеуметтік желіде жанкүйерлер мен басқа да спортшылар тарапынан қолдау көрсетілгенін бөлісіп жатыр.