ERNUR.KZ. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала аумағын аралау барысында жылу жүйелерін жаңғырту және жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстардың барысын тексерді.
Қаратау ауданындағы «ӘІО 160 Гкал» қазандығында резервтік отын жүйесін қалпына келтіру жұмыстарының барысы қаралды. Аталған нысан қаланың оңтүстік және солтүстік бөлігін жылумен қамтамасыз етеді. Жүргізіліп жатқан жұмыстар жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға және пайдалану шығындарын азайтуға бағытталған.
Бұдан кейін қала әкімі Әл Фараби және Еңбекші аудандарындағы «Теріскей» шағынауданы мен Уәлиханов көшесіндегі жылу желілерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Бүгінде 18 шақырым құбыр бөлшектеліп, оның 16,8 шақырымы қайта құрастырылған.
Сонымен қатар Безделев көшесіндегі жылу желілерін күрделі жөндеу жұмыстары тексерілді. Бұл учаскеде 300 метр жылу желісі жөнделген. Қазіргі таңда ұзындығы 230 метр болатын учаскеде құбырларды жылу оқшаулау жұмыстары жүргізілуде.
Ғабит Сыздықбеков Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына атқарылып жатқан жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, жылу желілерінің алдағы жылу беру маусымына толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Қала әкімі бұдан бөлек Рашидов көшесінің Республика даңғылынан Ә. Әбдіразақов көшесіне дейінгі аралықтағы тротуарды жаңарту және «А 2» айналма жолының V кезеңі бойынша реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты.
Жауапты тұлғаларға және мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін ескерткен қала әкімі жұмыс жүргізу кезінде жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды.


