Жәбірленуші жасөспірімдермен татуласқанын, оларға ешбір шағымы жоқ екенін айтты.
ERNUR.KZ. Алматыда қарт адамды ұрып-соғып, оны видеоға түсіріп алған жасөспірімдер қылмыстық жазаға тартылмады, деп жазады sputnik.kz.
Оқиға биыл шілде айында болған. Екі жасөспірімнің бірі қартты қасақана ұрып, екіншісі бейнекамераға түсірген. Жастардың бейәдеп қылығы қоғамда резонанс тудырды. Бұл оқиғаға қатысты сотта ҚК 293-бабы 2-тармағының 1-тармақшасы "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қаралды.
"Кәмелетке толмағандар қаланың орталық көшелерімен жүріп бара жатып, ұйықтап жатқан мас адамның аяғынан сәл итеріп, оятқан. Ал мас азамат жасөспірімдерді балағаттаған. Жасөспірімдер бұл сөзге ашуланып, жәбірленушінің бетінен бірнеше рет ұрған. Екінші сотталушы болып жатқанның бәрін бейнекамераға түсіріп алған. Ол мазақ етіп, арандатушы рөлін атқарды", - делінген сот хабарламасында.
Сарапшының қорытындысы бойынша жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келген.
"Сотталушылар өз кінәсін толық мойындады, істеген ісіне өкініп, жәбірленушіден кешірім сұрады. Кәмелетке толмағандардың ата-аналары жәбірленушіге келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеді", - дейді сот.
Ал жәбірленушінің айтуынша, ол жасөспірімдермен татуласқан, оларға ешбір шағымы жоқ. Сол себепті сотталушыларды қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұраған.
"Осыған байланысты сот Қылмыстық кодекстің 68-бабының 1-бөлігі "Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату" негізінде кәмелетке толмаған сотталушыларды қылмыстық жауаптылықтан босатты. Сот шешімі заңды күшіне енді", - дейді ведомство.