Алматыда кейуананың тамағына тіс протезі тұрып қалған

0
1 128

10 тәулік бойы қария мұрын арқылы зондпен қоректеніп жүрген.


Алматыда кейуананың тамағына тіс протезі тұрып қалған

ERNUR.KZ. Алматыда дәрігерлер тіс протезі тамағына кетіп қалған 82 жастағы кейуананы аман алып қалды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мен ана дүниеден қайттым!» - деді 82 жастағы зейнеткер Роза Халиуллина өңешіне жасалған отадан соң.

Оның айтуынша, таңғы ас ішіп отырғанда тіс протезінің бір бөлігі сынып кеткен. Өңешке жеткенде үшкір қырлары тамағын жыртып, демалысын қиындата түскен. Жағдайы нашарлаған зейнеткер жедел жәрдем шақырған. Бірден консилиум жинаған дәрігерлер зейнеткерге Шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында ота жасады. Диагностика кезінде үшбұрышты протез бөлігі өңешті жыртып кеткені анықталды.

«Өңештің жыртылуы жылына 1-2 рет сирек кездесетін оқиға. Адам балық немесе тауықтың сүйегін жұтып қойғанда кездеседі. Бұл бөгде заттар өңештің тарылған тұсында тұрып қалады да жырта береді. Бұл өте қауіпті диагноз. Адам кешігіп келетін болса, 45-60 пайызға дейін жағдайда өліп кетуі ықтимал. Себебі, инфекция бірден жұмсақ тінге өтіп, ауыр интоксикацияға әкелуі мүмкін», - деді емхананың бас дәрігерінің орынбасары Оңласын Ибекенов.

Дәрігерлер зейнеткердің мойын тұсынан екі жағынан медиастенотомия жасады, жарақаттың орнын тазалап, жұқпаның денеге таралуына тоқсауыл қойды. Зейнеткер 3 тәулік жансақтау бөлімінде жатты.

10 тәулік бойы қария мұрын арқылы зондпен қоректеніп жүрген.

«Тамақ ішіп отырған кезімде шашалып қалдым. Сосын тұншыға бастадым. Қызым жедел жәрдем шақырды. Жедел жәрдем тез келді. Барлығы жабылып мені ана дүниеден қайтарып алды. Өзім 50 жылдан аса медбике болып қызмет істегенмін. Ақ халатты абзал жандарға ризамын», - деді зейнеткер.