Көрме 2025 жылдың 3 тамызына дейін жалғасады.
ERNUR.KZ. Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде «Қытай өнерінің ой-мақсаттары – Қытай Ұлттық көркемөнер музейінің жауһарлары» атты көрме ашылды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Экспозицияға кескіндеме, графика және мүсіннің 50-ге жуық туындысы енген. Бұл еңбектерді Қытайдың ХХ-ХХI ғасырдағы белгілі суретшілері жазған, олар Сиэйи өнерінің дәстүрін жалғап келеді. Шеберлер өздерінің шығармашылығында стиль, техника және материалдардың ерекшеліктері арқылы тек сыртқы бейнені ғана емес, сонымен қатар оның ішкі рухани мәнін де ашады.
Қытайдың танымал заманауи мүсіншілерінің бірі — У Вэйшань. Ол әлемге суретші әрі қоғам қайраткері ретінде кеңінен танымал. Көрмеге мүсіншінің Лао Цзы, Ци Бай Ши секілді Қытай тарихындағы ірі тұлғалардың мүсіні қойылды. Қоладан жасалған бұл туындыларда автор кейіпкердің мінезін қозғалмалы форма, беттің құрылымын ерекше бедерлеу және каллиграфияны еске салатын ерекше стиль арқылы көрсеткен.
2018 жылы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі Жібек жолы музейлері мен галереялары Халықаралық альянсының құрамына кірді.
«Қытай өнерінің ой-мақсаттары – Қытай Ұлттық көркемөнер музейінің жауһарлары» көрме жобасы – ұлттық өнерді насихаттауға арналған маңызды мәдени алмасу бағдарламаларының бір бөлігі. Бейжіңдегі жетекші өнер музейі ұсынған көрме қытай өнерінің жауһарымен танысуға тамаша мүмкіндік береді.
Көрме 2025 жылдың 3 тамызына дейін жалғасады.