Алматыда NEET санатындағы жастардың үлесі азайды

0
107

Әкімнің мәлімдеуінше, Алматы – жастар қаласы.


Алматыда NEET санатындағы жастардың үлесі азайды

ERNUR.KZ. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды ОКҚ көшпелі баспасөз конференциясында қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға және жастарды қолдауға бағытталған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Әкімдік білім беру инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. 2025 жылы 37,1 мың оқушыға арналған 22 білім беру нысаны салынды. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде келесі оқу жылына қарай оқушы орындарының тапшылығы азаяды.

«2025 жылы денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 25%-ға артты. Бұл ретте, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. 2025 жылы 2 медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы мен 1 емхана салынды. Сонымен қатар 32 нысанның құрылысын бастау және жаңғырту жобалары пысықталып жатыр. 2025 жылы жедел медициналық жәрдем көлік паркі 37%-ға жаңартылып, 50 машина сатып алынды. Жыл басынан бері ана өлімі 48,2%-ға, сәби өлімі 5,4%-ға, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 16%-ға азайды», – деді қала басшысы.

Әкімнің мәлімдеуінше, Алматы – жастар қаласы. Сол себепті олардың білім алып, еңбекке араласуы ерекше назарда. Биыл 11 комьюнити орталық және 4 «Нарко-STOP» орталығы ашылды. 33 жұмыстан тыс уақытты өткізу орталығы жаңғыртылды. Студенттік жатақханаларда 8 мыңнан астам төсек орны жасақталды.

«Алматы жастары» бағдарламасы аясында 2 мың 200 пәтер берілді. 3 спорттық сауықтыру кешені ашылды. Көше спортына арналған 50 инфрақұрылымдық нысан салынды. Бұл шаралардың нәтижесінде NEET санатындағы жастардың үлесі 8,3%-дан 6,4%-ға дейін төмендеді.

Жақында Алматы қаласын 2026-2030 жылдары дамыту жоспары қабылданды. Жоспар мегаполистің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Құжат тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратын негізгі басымдықтарды айқындайды. Негізгі бағыттар: көлік жүйесін жан-жақты дамыту, қолайлы қалалық орта қалыптастыру, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, цифрлық трансформацияны жеделдету және қаланың қауіпсіздік деңгейін арттыру.