Конкурс Қазақстанда 20-шы рет ұйымдастырылып отыр.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
13-16 ақпан аралығында Алматы қаласында «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы базасында ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биылғы жылғы республикалық ғылыми жобалар конкурсының басты ерекшелігі – оқушылардың ғылыми жобаларын қорғаудың ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында барлық секциялар онлайн-режимде өтті. Бейне-көрсетілімдерге сілтемелер ҚР БҒМ және "Дарын" РҒПО-ның әлеуметтік желілердегі аккаунттарында ұсынылды. Конкурстың 18 секциясының 19 виртуалды бөлмесі 131 891 рет қаралды. Іс жүзінде кез келген адам әр секцияның жұмысына виртуалды қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Конкурстың қорытынды кезеңіне еліміздің барлық аймақтарынан ең үздік 625 жоба ұсынған 811 дарынды оқушылар іріктелді. Алматы қаласында 773 жас зерттеуші 601 ғылыми жобаларымен бақ сынасты, қалғандары дәлелді себептермен конкурсқа қатыса алмады.
Конкурстың қазылар алқасының шешімімен ҚР БҒМ I дәрежелі дипломдарыжәне алтын медальдармен 60 жеңімпаз (49 жоба), ІІ дәрежелі дипломдары және күміс медальдармен 103 жүлдегер (79 жоба), ІІІ дәрежелі дипломдары және қола медальдармен 176 жүлдегер (130 жоба) марапатталды.
Ұйымдастыру комитеті отырысының хаттамасына сәйкес Конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің тізімін https://daryn.kz/olympiads/view/4/2904 cілтемесі арқылы көруге болады.
Конкурстың Үздік команда атағы және гран-при иегері Назарбаев Зиятеркерлер мектептерінің командасына берілді. Сондай ақ, командалық бірінші орынды Алматы қаласы, екінші орынды Павлодар облысы иеленді, үшінші орынды Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары бөлісті.
Айта кету керек, конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар қатарынан еліміздің құрама командасы 12-17 мамыр аралығында Феникс қаласында (Аризона штаты) өткізілетін жыл сайынғы Intel ISEF-2019 оқушылардың халықаралық ғылыми жобалар конкурсына өз жұмыстарын ұсынады.
Дереккөз: ҚР БжҒМ баспасөз қызметі