Алматыда Тәуелсіздік күнінде өмірге келген сәбиге Қайрат Рысқұлбековтің есімі берілді

0
647

Бір жылдың ішінде мегаполис халқы 60 мың адамға өсті.


Алматыда Тәуелсіздік күнінде өмірге келген сәбиге Қайрат Рысқұлбековтің есімі берілді

ERNUR.KZ. Тәуелсіздік күні Алматыда 106 сәби дүниеге келді, деп жазады Stan.kz

Оның 54-і ұл, 52-і қыз. Мамандардың айтуынша, қазіргі көрсеткіштер 2020 жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Бір жылдың ішінде мегаполис халқы 60 мың адамға өсті.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында №2 қалалық перзентханада 14 сәби дүниеге келді: 11 ұл және 3 қыз. Дәрігерлердің айтуынша, барлық босану сәтті өткен. Қазір дәрігерлер босанған әйелдердің өздерін жайлы сезінуі үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Мерейтойлық датаға орай емдеу мекемесінің ұжымы аналарға сый-сияпат жасауды жөн көрді.

"Аналарымыз мерекені сезінсін деп сый жасадық. Перзентханада жүргенде бізде мереке екенін ұмытып кетеді", - дейді №2 қалалық перзентхана бас дәрігерінің орынбасары Назгүл Иманғалиева.

Мұндай атаулы даталарда балаларға ерекше есімдер беру – үйреншікті әдет дейді мамандар. Негізінен жаңа туған нәрестелерге көрнекті қайраткерлер, әртістер мен актерлердің есімдері берілген. Мәселен, осы перзентханада бір келіншек сәбиіне халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков есімін беруді ұйғарды.

"Сәбиіміз 16 желтоқсанда дүниеге келгендіктен оған Қайрат батырдың есімін беруді ұйғардық. Тәуелсіз Қазақстанның ана атанғаныма өте қуаныштымын. Баламыздың салмағы 2 келі 100 грамм болды", - дейді қала тұрғыны Самал Жүрсінбай.

Босанғаннан кейінгі әйелдердің жағдайы толық жасалған. Мұнда бәрі ұсақ-түйекке дейін ойластырылған. Мысалы, әр төсектің жанында қоңырау түймелері орнатылған. Бұл жаңа туған нәресте немесе оның анасы кенеттен ауырып қалса, оны басуға болады және дәрігерлер шұғыл түрде осында келеді. Осылайша, мамандар науқастарға дер кезінде және қажетті көмек көрсетеді.

Статистикаға сүйенсек, Алматыда күніне 100-ден астам сәби дүниеге келеді. Халық санағының қорытындысы бойынша қазақстандықтардың саны бүгінде 19 миллионнан асады. Олардың 34 пайызға жуығы 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер.