Бұл туралы Үкімет отырысында қала әкімі айтты.
ERNUR.KZ. Алматы әкімдігі қала тұрғындарын төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар ету үшін мамыр айының аяғында жаңа технологияны енгізбек, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 25 қаңтардағы мобильді құрылғылар арқылы халықты шұғыл жаппай құлақтандыру жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде Алматы қаласы әкімдігі пилоттық режимде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, қала тұрғындарын төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар ету мақсатында осы жылдың мамыр айының соңына дейін 475 млн теңге бөлінген Cell Broadcast технологиясын пайдалана отырып, «Mass Alert» қағидаты бойынша халықты жедел құлақтандыру жүйесін енгізуді жоспарлап отыр»,-деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, Cell Вroadcast технологиясының дәстүрлі SMS-тен айырмашылығы – желіге қосымша жүктеме жасамайды және базалық станциялардың антенналарын қамту аймағында орналасқан барлық абоненттер үшін жедел және жаппай таратуды, хабарлау уақыты мен жиілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Досаев 4 наурызда Алматыда болған жер сілкінісі туралы жағдайды баяндады.
«2024 жылғы 4 наурызда сағат 11-ден 22 минут кеткенде Алматы қаласында жер сілкінісі тіркелді.
2024 жылғы 4 наурызда сағат 11:30-да менің басшылығыммен Алматы қаласының төтенше жағдайларды жою жөніндегі жедел штабы жұмысын бастады.
Барлық инфрақұрылым және тіршілікті қамтамасыз ету объектілері штаттық режимде жұмыс істеді және жұмысын жалғастыруда. Жедел штабтың шешімі бойынша сағат 11:40-та қалада бекітілген 384 қабылдау пункті орналастырылды. Сағат 15:00-ге дейін қабылдау пунктеріне 1 962 адам, оның ішінде 714 бала келді. Сағат 16:00-ден бастап, Жедел штаб хабарламаларынан кейін тұрғындар үйлеріне орала бастады. Сағат 23:00-дегі жағдай бойынша қабылдау пунктерінде 242 тұрғын, оның ішінде 93 бала түнеп қалды.
5-ші наурыз күні таңертең (сағат 8:00) барлық тұрғындар қабылдау пунктерінен шығып кетті. Мектептер, балабақшалар мен жоғары оқу орындары штаттық режимде жұмыс істейді», - деді ол
Оның мәліметінше, азаматтарды жинау пунктерінің жұмысын қамтамасыз етуге аудан әкімдіктері мен құтқару қызметі жұмылдырылды. Келген қала тұрғындары ұйықтайтын керек-жарақтармен, сусынмен және тамақпен қамтамасыз етілді. Барлық қабылдау пунктерінде полиция және төтенше жағдай қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды.
«Сондай-ақ 4 наурыз күні сағат 11:24-те метрополитен станцияларында барлық электр жылжымалы құрамдар тоқтатылды. Мамандар тоннельдерді тексеру бойынша жұмыстар жүргізді, оның барысында метро аумағында зақым тіркелмеді. Сағат 16:30-да Алматы метрополитені өз жұмысын штаттық режимде қайта бастады.
2024 жылғы 4 наурызда сағат 12:30-дағы жағдай бойынша 1 зардап шеккен адам қалалық стационарға жеткізілді. Ауруханада оған барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілді», - деді Алматы әкімі.
Оның сөзінше, Төтенше жағдайлар департаменті, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты, Қала құрылысын бақылау басқармасының мамандары, аудандық сәулетшілер және басқа да уәкілетті органдар құрамында бұрын құрылған арнайы комиссия сағат 13:00-ден бастап барлық қоғамдық ғимараттарды, сондай-ақ тұрғындардың өтініштері бойынша басқа да объектілерді тексеруді бастады.
«Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданады.
5 наурыз күні таңертең Алматы қаласындағы жағдай тұрақты, жедел штаб жұмыс істейді, барлық қызметтер жұмылдырылып, күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды», - деді ол.