Алматыда жұлдыздар қатысқан шара: әнші Бүркітке айыппұл салынды

0
638

8 тамызда карантинді бұзып Royal Tulip Almaty қонақүйінде жұлдыздар қатысқан шара өткен.


Алматыда жұлдыздар қатысқан шара: әнші Бүркітке айыппұл салынды

ERNUR.KZ. Алматы қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Royal Tulip Almaty қонақүйіндегі жиынға байланысты істе жаңа деректер анықталғанын айтты, деп жазады Tengrinews.kz.

Медеу ауданының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мәліметінше, қазақстандық әнші Бүркітке (Айбек Жансейітов - ескерт.) ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 30 АЕК-ке (87 мың теңге) айыппұл салған.

"Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері іс-шараның қалған қатысушыларына мониторингтік топ шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр, оларға да әкімшілік шаралар қабылданылады", - деді департамент басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.

Айта кетейік, 8 тамызда карантинді бұзып Royal Tulip Almaty қонақүйінде жұлдыздар қатысқан шара өткен. Олар Black Star Burger-дің ашылуын тойлаған.

Бұған дейін іс-шараны ұйымдастырушы, қонақүй менеджері, әнші Луина және оның жұбайына айыппұл салынғаны хабарланған болатын.