Алматыдағы өрт кезінде құтқарушылар жүздеген жаңа самокатты оттан аман алып қалды

0
81

Зардап шеккендер жоқ.


Алматыдағы өрт кезінде құтқарушылар жүздеген жаңа самокатты оттан аман алып қалды

Бейнеден алынған кадрлар

ERNUR.KZ. Алматыда литий-ионды батареялар мен электрсамокаттар сақталған қойма өртенді. Өртсөндірушілер тілсіз жауды оқшаулап, оның әрі қарай таралуына жол бермеді, деп жазады tengrinews.kz.

112 пультіне қаланың Алмалы ауданындағы Васнецов көшесінде орналасқан қойма үй-жайында өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.

"Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері оқиға орнына келген кезде литий-ионды батареялардың жанып жатқанын анықтады. Өрттің жақын маңдағы жаңа литий-ионды батареялар мен электрсамокаттарға көшу қаупі туындады", - делінген ведомство хабарламасында.

Өрт сөндірушілер дереу өрт ошағын сөндіруге және аккумуляторлық батареяларды қарқынды салқындатуға кірісті, бұл оттың одан әрі таралуын болдырмауға мүмкіндік берген.

"Литий-ионды батареялар өртенген кезде кезек-кезегімен тұтанып, улы жану өнімдерін бөлуге бейім келеді. Оларды сөндіру ерекше тәсілді және ұзақ салқындатуды қажет етеді, өйткені қайта тұтану қаупі сақталады", - деп түсіндірді ТЖМ өкілдері.

Өрт жарты сағатқа жетпейтін уақыт ішінде толық жойылды. Зардап шеккендер жоқ.

Өртсөндірушілер 100-ден астам литий-ионды батарея мен 300-ге жуық жаңа электрсамокатты аман алып қалды, сондай-ақ аккумуляторлардың жануы кезіндегі ықтимал тізбекті реакцияның алдын алды.