Жаңадан ашылып жатқан бұл "Ұлттық өнер" факультеті ел мәдениеті үшін айтулы оқиға.
ERNUR.KZ. Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында "Ұлттық өнер" факультеті ашылды, - деп жазады Тengrinews.kz.
Жаңа факультет ашуға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы себеп болған.
"Бүгінгі шараны біздің ұланғайыр мемлекетіміздің мәдени кеңістігінде, рухани өміріндегі ерекше бір елеулі оқиға деп ойлаймын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында ұлт өнері мен мәдениет жолдарын ұлықтаудың бүкіл механизмдері көрсетілген. Сол көтерілген мақсат міндеттерді жүзеге асыру үшін осы факультетті ашу қажеттілігі туындады", - дейді Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров.
Шараға Қазақстанның Халық артисі Сара Тыныштығұлова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Пернебек Момынов, Құрманғазы оркестрінің директоры Нұрғиса Дауешов, Отырар сазы оркестрінің көркемдік жетекшісі Дінзухра Тілендиева және Ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.
"Жаңадан ашылып жатқан бұл "Ұлттық өнер" факультеті ел мәдениеті үшін айтулы оқиға. Жастар жылында жастарға жол ашып жатқандарыңызға дән ризамын. Бұл қазақ өнерін бүкіл әлемге паш етуге, үлкен мүмкіндік!", - дейді Пернебек Момынов.
Шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев Ақан серінің домбырасымен ән шырқады.