Алматыда өз қызын балғамен ұрды деп айыпталған әйел сот алдында жауап беріп жатыр. 44 жастағы Анна Иванова өз баласын бес жыл бойы ұрып-соғып, мектепке жібермей, үйінде қамап ұстап отырған көрінеді.
ERNUR.KZ. 14 жастағы оқушы қыздың түрін көрген кез келген адамның жүрегі ауырады. Бет-аузының сау-тамтығы қалмаған. Тергеу материалдарында балғамен, одан қалды газ бұрандасымен ұрды делінген. Алайда, осындай айыптар тағылған ана өз кінәсін мойындамай отыр. Айтуынша, қызға саусақ ұшын да тигізбеген. Дегенмен, сараптама нәтижесі мүлдем басқа, деп хабарлайды ktk.kz.
"Біз келгенде ол қызды ұрып жатты. Байғұс бала бізді көре сала, алып кетіңіздерші деп жылап қоя берді. Бала әбден қорқып қалған. Біздің көзімізді бақырайтып қойып, өтірік айтып тұр", — дейді Надежда Барсукова.
Қыздың денесіндегі көгерген іздерді бірінші болып осы Надежда жұртқа жария етті. Бірақ одан бұрын да білгендер бар. Ол оқушының сынып жетекшісі мен мектеп мейірбикесі. Бес жыл бұрын біліп, бірақ шара қолданбағандар сот алдында тек ақталумен әлек болды. Айтуларынша, полицияға хабарлаған. Бірақ, неге екені белгісіз іс жылы жабылып тынған.
Күдікті бұрын да сотты болған. 259-бап бойынша төрт жыл түрмеде отырған. Дианадан басқа, әйелдің тағы екі қызы бар. Бірақ неге екені белгісіз, барлық көресіні ортаншы қыз көрген. 3 томға арқау болған іс жантүршігерлік жайтқа толы. Онда тіпті әйелдің қызды далаға шығармай, жылдар бойы үйде қамап ұстаған деген де мәліметтер бар.