Әйел пәтерге полиция қызметкерлері кірген кезде оянған.
Бейнеден кадрлар
ERNUR.KZ. Ақтау полицейлері тұрғын үй кешенінің 10-қабатындағы сыртқы терезе алдында тұрған бес жасар баланы құтқарып қалды, деп жазады tengrinews.kz.
30 шілде күні таңертең 102 арнасына ашық терезеде аяғын салбыратып отырған бала туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына бірден патрульдік полиция экипажы жіберілді.
Тәртіп сақшылары үйге жеткенде жағдай өте қауіпті болған: бүлдіршін пәтерден шығып үлгеріп, терезе конструкциясының сыртқы бөлігінде тұрған.
Полицейлер бала шыққан пәтерді тез анықтады. Пәтер есігі құлыпталмаған болып шықты, бұл оларға ішке кідіріссіз кіруге мүмкіндік берді. Пәтерде баланың анасы болған. Оның айтуынша, ол сәл ұйықтап кеткен, ал сол кезде бала қасында жатқан.
Әйел пәтерге полиция қызметкерлері кірген кезде оянған. Ол баланың қалай өз бетінше тұрып, терезеге жетіп, сыртқа шығып кеткенін түсіндіре алмады.
Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында баланы қауіпті терезе алдынан уақытында түсіріп алды. Оған медициналық көмек қажет болмады.


