Балаларға берілетін 21 мың теңгеден бөлек, ата-анасына да қосымша ақы төленеді.
ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеу тәртібін түсіндірді, деп жазады ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, балаларға берілетін 21 мың теңгеден бөлек, ата-анасына да қосымша ақы төленеді. Бүгінде елімізде күнкөріс минимумы 29 698 теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін атаулы көмекті бір адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 процентінен, яғни 14 849 теңгеден аспайтын отбасылар алса, енді Президент тапсырмасы бойынша аталған көрсеткіш 70 процентке - 20 789 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Демек, көпбалалы отбасының жалпы табысын әрбір адамға бөлгенде ақшаның сомасы күнкөріс деңгейінің 70 процентіне, яғни 20 789 теңгеге жетпесе, әр балаға 21 мың теңгенің жәрдемақысы беріледі.
«Сосын егер жанұяның әр мүшесіне шаққанда табыс күнкөріс деңгейінен (70 проценттен - авт.) төмен болса, айырмашылық 10 мың теңге бола ма, 7 мың теңге бола ма, сол ата-анасына қосымша төленеді. Одан кейінгі ең үлкен жеңілдік, бұрын табысты есептегенде «Алтын алқа», «Күміс алқа», көп балаға берілетін жәрдемақы, мүгедектердің жәрдемақысы мен стипендиясы саналатын. Енді соның бәрін есепке алмайды», - деді Б.Сапарбаев журналистерге берген сұxбатында. Оның айтуынша, Президент тапсырмасын орындау үшін бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек. Соның барлығы шілдеге дейін аяқталады. «Барлық заңдар мен қаулыларға өзгеріс енгізуіміз керек. Сөйтіп, оның барлығын Парламентке өткіземіз. Жәрдемақы 1 шілдеден бастап төлене бастайды», - деп атап көрсетті Б.Сапарбаев.
Айта кетейік, кеше «Нұр Отан» партиясының XVIII сьезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыдағы әр баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды.
«Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әр баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар жағдайы жақсы азаматтар болып шыға келеді», - деді Н.Назарбаев.