Арман Қырықбаев АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффтпен кездесті

0
217

Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.


Арман Қырықбаев АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффтпен кездесті

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули Стаффтпен кездесті.

Тараптар Қазақстан мен АҚШ-тың мәдениет, масс-медиа және музей ісі салаларындағы ынтымақтастығын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу барысында Арман Қырықбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамп арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін ерекше атап өтті. Министр екі ел басшыларының кеңейтілген стратегиялық әріптестікті нығайтуда және екіжақты ынтымақтастықты дамытуда шешуші рөл атқаратынын айтты.

Өз кезегінде Джули Стаффт Қазақстан Президентінің алдағы G20 саммитіне қатысуына дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын оң бағалады. Мемлекет басшысы 14-15 желтоқсанда Майамиде өтетін саммитке АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен қатысады. Елші алдағы саммиттің Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты одан әрі тереңдетіп, түрлі бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту үшін маңызды екенін атап өтті.

Елшінің өтініші бойынша министр Құрылтайда қаралып жатқан онлайн-платформалар мен масс-медиа саласындағы заңнамалық түзетулер туралы ақпарат берді. Ұсынылған өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауға, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқыққа қайшы контенттің таралуына тосқауыл қоюға және онлайн-платформалардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Осы орайда Қазақстанның цифрлық ортаны реттеу жөніндегі халықаралық тәжірибені, соның ішінде АҚШ тәжірибесін зерделеуге мүдделі екені айтылды.

Тараптар музей саласындағы ынтымақтастықты дамытуға да ерекше назар аударды. Елші Джули Стаффт екі ел музейлері арасындағы кәсіби байланысты нығайтудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға, соның ішінде Қазақстан музейлерінің жәдігерлерін АҚШ-та көрмеге қоюға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Арман Қырықбаев америкалық музейлердің тәжірибесін зерделеуге, музей ісіндегі заманауи тәсілдермен танысуға және жаңа кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін бастамасы үшін елшіге алғыс айтты.

Кездесу қорытындысында тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.