Арнайы визасыз қажылық жасау күнә – ҚМДБ

0
514

Қажылық визасын Сауд Арабиясының қажылық және умра министрлігі тиісті талаптар мен рәсімдерге сәйкес дін саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе әр елдің ресми исламдық діни мекемелеріне (муфтиятына) береді.


Арнайы визасыз қажылық жасау күнә – ҚМДБ

ERNUR.KZ. Сауд Арабиясы корольдігінің қажылық және умра министрлігі 26 сәуірде арнайы мәлімдеме жасап, қажылық тек қажылық визасымен орындалатынын түсіндірді, деп жазады stan.kz.

Қажылық визасын Сауд Арабиясының қажылық және умра министрлігі тиісті талаптар мен рәсімдерге сәйкес дін саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе әр елдің ресми исламдық діни мекемелеріне (муфтиятына) береді. Сонымен бірге үндеуде қажылық парызын өтеуге ниет білдірген азаматтарға абай болуға және әлеуметтік желілер арқылы өз қызметтерін жарнамалайтын және қажылықты ұйымдастыруға заңды құқығы жоқ компаниялардың қызметтерін пайдаланбауға кеңес берілгені айтылған.

Ел билігі умра, туристік, жұмыс, отбасылық, транзиттік және басқа да виза түрлері қажылыққа құқық бермейтінін баса айтты. Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық және умра саласында қызмет көрсететін тәжірибелі туроператорлар арасында әділ бәсекелестікке қол жеткізу және қолайлы жағдай жасау мақсатында 2024 жылғы қажылықты ұйымдастыруға өтініш білдірген туроператорлар арасында бұған дейін байқау жариялаған еді.

Осылайша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ашық байқаудан өткен 16 қазақстандық туроператорға 2024 жылғы қажылық маусымында қандастарымызға тиісті қызмет көрсетуге ресми рұқсат берді.

2024 жылғы қажылық маусымында осы туроператорлармен субагенттік келісім жасасқан 16 туроператор мен 19 турагент Сауд Арабиясының талаптарын толығымен орындады. Қазақстаннан қажылардың уақытында төлеген қаржысы бойынша қажылыққа 5 081 орын бөлінді. Биыл қажылық парызын өтеуге ниет білдірген адамдар тек аталған туроператорлар мен турагенттерге қажылыққа тапсырыс бере алатынын еске саламыз. Қажылыққа тіркелу әлі жалғасып жатыр.

Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылыққа тізімде көрсетілген және тиісті рұқсаты бар компаниялармен бару керек екенін ескертеді.

Сөйтіп қажылық маусымында туроператор Қазақстан азаматтарын ҚҚА аумағына олардың шығу туризмі саласындағы құқықтары негізінде ҚМДБ бөлген қажылық орындарына ғана жеткізе алады. Адамдарды қажылық орындарынан тыс жерге апару екі ел арасындағы қажылық келісімін бұзу болады.

Айта кетері, қажылық визасынсыз қажылық жасау туралы шариғатымыздың көзқарасын білдіретін (міндеттер) пәтуалар қабылданған.

2024 жылы 24 сәуірде Сауд Арабиясы Корольдігінің Жоғары ғұламалар комитетінің отырысында келесі пәтуа қабылданды:

"Қажылық визасын алу міндетті, сондықтан қажылық визасынсыз барған адам заңсыздыққа барады. Өйткені заңсыз келу салдарынан қажылардың саны шектен тыс көп болып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіріліп, қажылардың құқығы бұзылып, жұрттың да мүддесі аяқ асты болады", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің шешіміне сәйкес қажылық парызын өтеудің міндетті шарты барлық заң талабын сақтау қажет. Рұқсат құжатын бұрмалауға тыйым салынады.

Айта кетейік, қажылық визасынсыз (турист, студенттік, жұмысшы, т.б.) қажылық парызын өтеу күнә екені туралы арнайы пәтуа бар. Биыл Қазақстаннан ресми түрде 5081 адам қажылыққа барады. Олар 5-10 маусымда Сауд Арабиясына кетіп, 23-28 маусымда елге оралады деп жоспарланып отыр.

"Қорытындылай келе қажылық – дініміздің бес тірегінің бірі, жауапты ғибадат екенін баса айту керек. Сондықтан жоғарыдағы талаптар мен ережелерді сақтап, заң мен шариғатпен бекітілген адалдық жолында жүруге шақырамыз", – деді ҚМДБ баспасөз қызметі.