"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнына айыппұл салынды

0
841

Тексеру барысында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ кәсіпорнымен бөлінетін газдарды ұстау және тазарту жүйесін пайдалану қағидалары бұзылғанын анықтады.


Наурыз айында ластаушы заттарды жаппай шығарылу фактісі бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ конверторлық цехына жоспардан тыс тексеру жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Экология министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақпан айының соңында әлеуметтік желілерде зауыттан қызғылт түтіннің шығып жатқандығы туралы видео жарияланды. Ал Қарағанды облысы бойынша экология департаменті атмосфераға ластаушы заттар шығарудың рұқсат етілген нормасынан елеулі деңгейде асып кеткендігі тіркелгендігін анықтаған.
Мәселен, тексеру барысында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ кәсіпорнымен бөлінетін газдарды ұстау және тазарту жүйесін пайдалану қағидалары бұзылғанын анықтады. Бұл олқылықтың технологиялық жабдықтың жай-күйінен туындағаны дәлелденді. Осыған байланысты, №2 конвертер күрделі жөндеу үшін мамыр айына дейін тоқтатылды.

«Тексеру зауыттың сегіз цехы бойынша жүргізілді. Әр түрлі нормативтердің бұзылуы мен асып кетуі олардың жетеуінде: бу айдау, №2 табақша металды илемдеу, агломерациялық, кокстық, сондай-ақ әк күйдіру цехтарында, оттегі-конвертерлік және көмір дайындау цехтарында анықталды», - делінген ведомство хабарламасында.

Жоғарыда аталған барлық фактілер мен экологиялық талаптардың тиісінше орындалмауы ҚР Экологиялық кодексінің 69-бабы 3-тармағының бұзылуына әкеп соқты. Кодексте «Табиғатты пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатта көрсетілген шарттарды орындауға міндетті және оларды сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады» делінген.

«Тексеру қорытындысы бойынша «Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорнына айыппұл салынды. Бұдан басқа, кәсіпорынға сомасы шамамен 1 млрд теңгеден асатын залалды өтеу туралы нұсқама жіберілді», - делінген хабарламада.

Қазір келтірілген залалды бағалауды есептеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Анықталған бұзушылықтарды жойғанға дейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ цехтарының қызметін тоқтата тұру бүкіл өндірістің тоқтап қалуына әкелетінін атап өту маңызды, өйткені кәсіпорын қандай да бір цехсыз жұмыс істей алмайды. Естеріңізге сала кетейік, кәсіпорынның вице-президенті Виджай Гоял алдағы төрт жылда шығарындылар көлемін кем дегенде 30 пайызға азайтуға, оларды автоматтандыруды қамтамасыз етуге және үш жыл ішінде Теміртау қаласында 500 мың ағаш отырғызуға уәде берген», - делінген Экология министрлігінен.