​Арыстағы жарылысқа кінәлі деп табылғандарға үкім кесілді

0
719

Арыстағы жарылысқа қатысты екі жылға жуық жүргізілген тергеуге бүгін нүкте қойылды.


​Арыстағы жарылысқа кінәлі деп табылғандарға үкім кесілді
Арыс қаласындағы жарылысқа байланысты айыпталғандарға сот үкімі шықты. 16 айыпталушының 12-сіне 4 жылдан 10 жылға дейін жаза кесілсе, 4-уі шартты түрде сотталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Алайда, темір торға тоғытылғандар мен жәбірленушілер үкіммен келіспейтіндерін жеткізді. Тіпті оқиға кезінде жарақат алып, мүгедек болып қалғандар мен баспаналары жарамсыз күйге түскендер әлі күнге дейін өтемақы алмағандарын айтады.
Арыстағы жарылысқа қатысты екі жылға жуық жүргізілген тергеуге бүгін нүкте қойылды. 400 томнан құралған істе, 1500 жәбірленуші тіркелсе, 16 айыпталушыға үкім оқылды. Оның 12-сі 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылу жазасы тағайындалса, қалғандары шартты түрде жазасын өтейді. Ал, айыпталушы тараптың адвокаттары бұл үкіммен мүлдем келіспейтіндерін айтып, аппеляциялық шағым түсіретендерін жеткізді.
"Ақты ақ, қараны қара деп белгілеу керек та. Оны ешкім қолдан істеген жоқ. Оны бір Алла біледі неден болғанын? Нақты айтқан жоқ жарылыс неден болғанын? Нақты негізінен дәлел жоқ нақты. Экпертизаны тексеру керек. Оны да мұқият тексермеген экспертизаны", - дейді қорғаушы Бекжан Нұрмаханбет.
Айтбек Рысбек Арыстағы сұмдық оқиға кезінде жұмыста жүрген. Жарылысты ести сала бас сауғалап қаша жөнелгенде үстіне снаряд түсіп мүгедек болып қалыпты. Енді міне емделуге қалтасында көк тиыны қалмағанын айтады. Өтемақыға қол жеткізе алмай жүр екен. Тіпті, сот жәбірленушінің де арызына көңіл аудармады деп налиды.
"Міне мының барлығы жарыстың кесірінен болған. Осколог мынаның бәрі. Басымының өзін 27 жерден тіккен. Сот маған ештеңе шығарған жоқ. Потерпевший не дегендердің ешқайсысына көңіл бөлген жоқ. Только сотталатындарға үкім шығарды болды. Сол үкіммен қайттық. Осы уақытқа дейін бөлмеген енді ары қарайды бөлмейді ау"- дейді 1-ші топтағы мүгедек Айтбек Рысбек.
Айта кетейік, сотталғандардың арасында әскери қойманың командирі мен орынбасары да бар. Оларға «жарылыс қауіпі бар нысандарда қауіпсіздік қағидаларын бұзу» және «немқұрайлық» баптары бойынша айып тағылған.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы 24 маусымда Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, төрт адам қаза тапқан болатын. Оның екеуі әскери, біреуі бейбіт тұрғын болса, бір бала эвакуция кезінде жол апатынан көз жұмған еді.