​ТҮРКІСТАН: Арыста өрт сөндіру бөлімінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді

0
132

Жаңғырту жұмыстары аясында өрт сөндіру бөлімінің ғимараты заманауи талаптарға сай қайта жабдықталып, қызметкерлердің жұмысына және тынығуына қолайлы жағдай жасалды.


​ТҮРКІСТАН: Арыста өрт сөндіру бөлімінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді

Арыста өрт сөндіру бөлімінің жаңғыртудан өткізілген жаңа ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының Арыс қаласында күрделі жаңғыртудан (реновациядан) өткен №7 өрт сөндіру бөлімінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қуанышты сәтке Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, полковник Мұрат Мұханов, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және төтенше жағдайлар саласының өкілдері қатысты. Өңір басшысы жұртшылықты құттықтаап, бұл нысанның маңызына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев төтенше жағдайлардың санын азайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды күшейтуді тапсырған болатын. Облыста бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі – №7 өрт сөндіру бөлімінің қайта жаңартылуы. Бұл нысан Арыс қаласы мен ауыл тұрғындарын өрт және басқа да төтенше жағдайлардан қорғауға мүмкіндік береді. Облыс әкімдігі тарапынан соңғы 2 жылда облыстағы өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. Өңірдің өрт сөндіру қызметін күшейту мақсатында 36 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды. Бұдан бөлек, «Ауыл құтқарушысы» жобасы аясында 16 өрт сөндіру бекеті ашылды. Жыл соңына дейін тағы қосымша 11 бекетті іске қосу жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Сауран және Төлеби аудандарында жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын өрт сөндіру бөлімдері іске қосылды. Құрметті өрт сөндірушілер! Сіздер күн сайын қызметтік міндеттеріңізді орындау барысында батылдық пен табандылықтың, кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келесіздер. Баршаңызға жоғары жауапкершіліктеріңіз бен ел игілігі жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді Нұралхан Көшеров.

Жаңғырту жұмыстары аясында өрт сөндіру бөлімінің ғимараты заманауи талаптарға сай қайта жабдықталып, қызметкерлердің жұмысына және тынығуына қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар өрт сөндіру техникасына арналған гараж, қызметтік және тұрмыстық бөлмелер жаңартылды.

Бөлім аумағында қызметкерлердің физикалық дайындығын шыңдауға арналған «Batyr Team» спорт залы, жаттығу және футбол алаңы, субұрқақ пен демалыс орындары қарастырылған.

Бөлісу