Акция бүкіл ел аумағында 25 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтеді.
ERNUR.KZ. Қазақстанның ірі және аймақтық сауда желілерінде Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен "Береке Fest" акциясы басталды, деп жазады baq.kz.
Айта кетерлігі, акция бүкіл ел аумағында 25 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтеді. Бағдарлама Қазақстан бойынша 80 сауда желісі қатысады. Олармен жасалған арнайы меморандум да бар. Келісімге сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстеме баға 5-10%-дан асырмау қажет.
Ең басты міндет – отандық өндірушілердің өнімін халыққа қолжетімді бағамен жеткізу. Президент биыл ауыл шаруашылығында мол өнім жиналғанын атап өтті. Біздің мақсатымыз – осы өнімді делдалсыз тікелей сауда желілеріне шығарып, тұтынушыларға қолжетімді ету, – деп түсіндірді Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев.
Акция аясында ет, жұмыртқа, май және басқа да өнімдер белгіленген бағамен сатылады. Мәселен, Астанада сиыр етінің жауырын-кеуде бөлігі – 3 300–3 500 теңгеден, ал еттің таза бөлімі – 3 800 теңгеден аспай сатылып жатыр. Жұмыртқаның бір данасы 55 теңгеден аспауға тиіс.
Бағдарлама өңір әкімдіктері және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп жүргізілуде. Өнімдер отандық өндірушілерден тікелей сауда желілеріне жеткізіліп, дүкендер әлеуметтік жауапкершілік аясында баға саясатын ұстануға міндеттелді.
Егер дүкен сөресіндегі баға мен кассадағы баға сәйкес келмесе, тұтынушылар өз өңірінің Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне ресми шағым түсіре алады. Біз міндетті түрде шара қолданамыз, әкімшілік жаза қарастырылған, – дейді ведомство өкілі.
Бағдарлама бағаны мемлекеттік бақылау және бұзушылықтарға дер кезінде әрекет етуді мақсат тұтып отыр.
"Береке Fest" акциясына қатысатын супермаркеттерде арнайы белгілер, баннерлер мен ақпараттық тақталар орнатылып, сатып алушылар жеңілдетілген бағамен өнімді оңай таба алады.
Еске салайық, бүгін ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Астанадағы "Анвар" супермаркетіне барып, «Береке Fest» акциясы аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің сатылу барысын тексерді.