Ashyq-тағы "қызыл" статуспен үйден шыққандар 87 мың теңге айыппұл төлейді

0
820

Ереже 2021 жылғы 10 маусымда күшіне енеді.


Ashyq-тағы

ERNUR.KZ. Ashyq-та «қызыл» мәртебесі бар азаматтар қоғамдық орында жүргені үшін айыппұл төлейтін болады, деп жазады ҚазАқпарат.

Әкімшілік жауапкершілік өзін-өзі оқшаулау режимін қасақана бұзатындарға бағытталған.

«Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастар мен олармен байланыста болған адамдар үшін оқшауланудың міндетті режимін көздейтін санитарлық ережелерді бекіткенін хабарлайды. Бұл талаптарды орындамағандар үшін әкімшілік жаза көзделген. Ереже 2021 жылғы 10 маусымда күшіне енеді», - деп жазады Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі.

Өзін-өзі оқшаулау режимін бұзушылар Ashyq ақпараттық платформасы арқылы анықталады. Ashyq жобасына қатысатын қоғамдық нысандарға барған кезде «қызыл» мәртебесі бар болып шыққан адамдар оқшаулану ережесін бұзған болып саналады.

«Карантиндегі науқас адамның санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамауы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 802-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға және оған әкімшілік жазалау шараларын қолдануға себеп болады. Егер азамат өзінің мәртебесі туралы біле тұра, оқшаулану режимін бұзса және айналасындағыларға қасақана жұқтыру қаупін тудырса, оған 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады», - деп түсіндірді комитет мамандары.