Әскерге шақырылған 300 мың қазақстандық азаматтың 260 мыңы жарамсыз

0
666

Әскер қатарына шақыру қағазын алған азаматтардың 25,4 пайызы әскери қызметке психологиялық және моральдық тұрғыда дайын емес.


Әскерге шақырылған 300 мың қазақстандық азаматтың 260 мыңы жарамсыз

ERNUR.KZ. Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұржан Нұрсипатов әскери-патриоттық тәрбие жұмысын күшейту керектігін айтты, деп жазады baq.kz.

Оның айтуынша, мемлекеттің әскери- патриоттық тәрбиеде заман сұранысына сай өз көзқарасы мен өз педагогикалық, сондай-ақ, болашақ сарбаз тәрбиелеудегі методикалық төл тәсілдері қалыптасуы керек.

"Бүгінгі күні жыл сайынғы əскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың саны 300 мыңға жуық болса, соның 40 мыңының ғана денсаулығы әскери борышын өтеуге жарамды. Әскер қатарына шақыру қағазын алған азаматтардың 25,4 пайызы әскери қызметке психологиялық және моральдық тұрғыда дайын емес. Әскери қызметке шақырылудан жалтару мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.Ал үкіметке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әскерінің беделін көтеру жөнінде нақты тапсырма берген болатын", - дейді Нұржан Нұрсипатов.

Ол бұл жұмысты нәтижелі жүргізу үшін бірнеше мемлекеттік орган жұмылу керек. Қорғаныс, ақпарат және қоғамдық даму, білім жән ғылым, мәдениет және спорт министрліктері күш біріктіру қажет деп санайды.

"Насихат жұмысы аясында әскери-патриоттық рух, мәдениет пен ұлттық тарихты, ұлт батырларын, өз кәсібінің шебері болған отандық тұлғаларды насихаттайтын хабарлар, фильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылып, интернет-контент жасалса дейміз. Мұндай контенттің қаралымы көп, таралымы кең болуы үшін оның көрерменге ұсыну формасы да сапасы да заманға сай болуы керек", - дейді депутат.

Ол әскери-патриоттық тәрбие мәселесі қолданыстағы заңнамада бекітілмегендігін айтып отыр.

«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», сондай-ақ «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдарының ескі, 1993 жылғы редакцияларында тапсырма ретінде бекітілген еді. Алайда, заңдардың жаңа редакциясында бұл тапсырмалар, заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлердің деңгейіне түсірілген.

"Осыған орай, әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарын жүргізуді мемлекеттік органдардың басты тапсырмаларының бірі ретінде заңнамалық тұрғыда бекіту, олардың өз-ара жұмыстарын үйлестіру және насихаттау жұмыстарында заманауи ақпарат құралдарын белсенді пайдалану мәселелерін қарастыруларыңызды сұраймын", - дейді Нұржан Нұрсипатов.