Оқушылар кездесуге белсенді қатысып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.
ERNUR.KZ. Қазақстанның түрлі аймақтарында ерлік сабақтары өтіп жатыр. Ұстаздар күні қарсаңында әскери қызметшілер мен ардагерлер мектептер мен колледждерге барып, жоғары сынып оқушыларымен және студенттермен кездесті, деп жазады ҚазАқпарат.
Кездесуге Алматы қаласының 23 білім ошақтарынан 500-ден астам оқушы қатысты.
«Ерлік сабақтары болашақ Отан қорғаушы мен кез келген адамға қажетті моральдық-психологиялық қасиеттерге үйретеді. Батылдық, табандылық пен дене төзімділігі – осының барлығы әскери қызметшіден бөлек медицина қызметкері, дәрігер, инженер мен мұғалім үшін де аса маңызды», – дейді Алматы қаласы Алатау аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы, полковник Гаухар Сырлыбаева.
Ардагерлер оқушыларға отан тарихында орын алған ерлік және қайғылы оқиғалар туралы айтып берді. Әскери қызметшілер Қазақстан Қарулы күштері мен әскери білім туралы сұрақтарға тұшымды жауап берді.
«Мен өз ата-бабамыздың ерлік пен батырлық дәстүрлерінің мұрагері екенімді түсінемін. Осындай шаралардың арқасында көптеген ақпараттарды білуге болады. Өзіме келсем, мен – патриотпын және өзімнің болашақ мамандығымды таңдап қойдым. Болашақта Отан қорғаушы боламын», – дейді № 26 мектептің оқушысы Ерасыл Севетбеков.
Жақын күндері ерлік сабақтары жалпы алғанда Алматы қаласының барлық мектептерінде, сондай-ақ басқа да өңірлерде өтеді.
Атап айтқанда, Арыс қаласының орта білім беретін мектеп оқушыларымен ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Әділбек Алдабергенов кездесті. Ауғанстандағы соғыс ардагері, әскери қызметтегі әскери еңбегі мен жетістіктері үшін жоғары әскери наградалармен марапатталған. Генерал оқушыларға әскери мамандық, Ұлы Отан соғысындағы патриотизм, намыс пен ерлік көрсеткен қазақстандық батырлар, әскери бөлімдерге есімі берілген әскерилер жайында, сондай-ақ қазақстандық әскердің қазіргі әскери қызметшілерінің батылдығы туралы айтты.
«Жер бетінде көптеген беделді, пайдалы және қажетті мамандықтар бар. Сондай-ақ Отан қорғау деген мамандық та бар. Және бұл - барлық уақытта да қасиетті мамандық. Әскери қызметшілер – ең алдымен біздің қауіпсіздігіміз. Әскери мамандар жұмысының мәні зор. Олар күн сайын сіздер мен біздер үшін, біздің бейбіт өмір сүріп, жұмыс істеп, балаларды тәрбиелеп, болашаққа жоспар құруымыз үшін өз өмірін қатерге тігеді», – деді генерал-майор Әділбек Алдабергенов.
Ол кәсіби мереке қарсаңында ұстаздарды құттықтап, олардың өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ оқушыларға денсаулық, табандылық және оқуда табыс тілеп, өздері қалаған мамандық бойынша ЖОО түсуіне сәттілік тіледі.
Оқушылар кездесуге белсенді қатысып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Сабақтан кейін балалар генералмен бірге ағаш көшеттерін отырғызып республикалық экологиялық сағат акциясын қолдады.