Әскери жиындар кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орындары мен атқаратын лауазымы сақталады - ҚР ҚМ

0
568

Әскери жиындар жыл сайын 30 күнге дейін өткізіледі.


Әскери жиындар кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орындары мен атқаратын лауазымы сақталады - ҚР ҚМ

2024 жылы әскери жиындарға шақырылғандар саны 3 мың адамға дейін ұлғайтылды, бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары Сәкен Жүсіпов мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Әскери жиындар жыл сайын 30 күнге дейін өткізіледі. Өткен жылы әскери жиындарға 1,5 мың адам тартылды.

Спикер әскери жиындардың негізгі мақсаты бейбіт уақытта қысқартылған құраммен ұсталатын әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын арттыру, сондай-ақ жұмылдыру кезінде Қарулы Күштерді өрістету үшін қажетті әскери тұрғыдан оқытылған адамдарды дайындау және запаста жинақтау болып табылатынын атап өтті.

Әскери жиындарға шақырылатындар санының артуы оларды талап етілетін әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлау арқылы әскери оқытылған резервті жинақтау қажеттілігімен байланысты. Әскери жиындардан өту әскери міндеттілердің бұған дейін меңгерген мамандығы бойынша алған дағдыларын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Қолданыстағы заңда әскери жиынға шақырылатын адамның шекті жасы айқындалған, ол қатардағы жауынгерлер мен сержанттар үшін – 50 жас; офицерлер үшін – 60 жас.

«Әскери жиындарға денсаулық жағдайы бойынша жарамды әскери міндеттілер жіберіледі, осыған байланысты әскерге шақыру алдында медициналық комиссиядан өту ұйымдастырылды. Әскери міндеттілерді жиындарға және кері тасымалдауды Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен теміржол немесе автомобиль көлігі жүргізеді. Далалық лагерьлерде әскери міндеттілерді орналастыра отырып, жиындарды оқу полигондарында өткізу жоспарда бар. Әскери жиындарға шақырылған азаматтар жұмыс істеп жүрген әскери қызметшілермен бірдей тұрмыстық заттар, тамақ және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі», - деп атап өтті спикер.

Әскери жиындар кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орындары мен атқаратын лауазымы сақталады, оларға орташа жалақы, ал жұмыс істемейтіндерге мемлекет есебінен ең төменгі жалақы төленеді.

Әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер әскери қызметші мәртебесіне ие болады. Бұл ретте олар Қазақстан Республикасы заңдарының және жалпы әскери жарғылардың барлық талаптарын сақтауға тиіс.