Әскерилер тамақ сапасын планшет арқылы бағалайды – қорғаныс министрлігі

0
853

​Министрдің орынбасары тамақтандырудың сапасын бағалауға арналған жаңа жүйенің енгізілетінін айтты.


Әскерилер тамақ сапасын планшет арқылы бағалайды – қорғаныс министрлігі

ERNUR.KZ. Қорғаныс министрлігі барлық асханада планшет орнатып шықпақшы. Сол арқылы әскерилер тамақтың сапасына баға бере алады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Биыл біз алғаш рет тамақтандырудың сапасын бағалауға арналған жүйені енгізіп жатырмыз. Асханадан шыққан кезде планшеттер орнатылады. Сол жерде әскери қызметшілер тамақтың сапасына баға береді. "Өте жақсы", "жақсы", "қанағаттанарлық" және "нашар" деген төрт баға болады", - деді министрдің орынбасары Мұхамеджан Таласов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, ақпараттық жүйенің негізінде қызмет көрсетуші компанияның жұмысы бағаланады. Соған қарай тиісті шара қолданылады.

Сондай-ақ министрдің орынбасары әлеуметтік желіде тараған видеоға да түсініктеме берді. Видеода 2019 жылы Жамбыл облысындағы әскери бөлімшенің сарбаздары күнделікті жейтін тамағын көрсетеді. Ол жерде ботқаға салынған ожау қозғалмай тұрады. Ал сорпаға қырыққабат қана қосқан. Сонымен бірге сарбаздар кішкентай ғана ірімшікті 17 адамға бөлу керек екенін айтады.





"Иә, әлеуметтік желіде ондай видео тараған. Сол кезде әскери бөлімшенің командирі мен оның орынбасары қызметінен алынды. Ал азық-түлік жеткізген фирмаға жарты миллион теңгенің айыппұлы салынды. Біз үнемі бақылау шараларын жүргізіп отырамыз. Өкінішке қарай, ондай жағдайлар болып жатады", - деді Таласов.


Айта кетейік, биыл әскерилерді тамақтандыруға республикалық бюджеттен 22 миллиард теңге бөлінген болатын. Әрбір сарбаздың күнделікті нормасы 1 717 теңгеге көтерілді.