Асхат Аймағамбетов: Мектептерде ақылы олимпиадалар болмауы керек

0
1 437

Ақылы олимпиадалар мен байқаулар көбейіп кеткен.


Асхат Аймағамбетов: Мектептерде ақылы олимпиадалар болмауы керек

ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде өтіп жататын ақылы олимпиадалардың өткізілуін қолдамайтынын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біз дарынды балаларды ары қарай да қолдаймыз. Бірақ, білім мен білім жүйесі сепаратор, сегрегация қызметін атқармауы тиіс. Біз керісінше, әлсіз мектептерді үздік мектептердің деңгейіне сүйреуіміз керек. Десе де, дарынды балалармен жұмыс жеке тұруы тиіс. Қазақстанның дарынды балалары халықаралық интеллектуалдық сайыстарда үздік орындар алып жүр. Соңғы 3 жылда ғана қазақстандық оқушылар 444 алтын медаль, 540 күміс, 848 қола медаль иеленген. Әлбетте, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру керек», - деді Асхат Аймағамбетов Тамыз конференциясында.

Білім және ғылым министрі осы ретте елімізде өтіп жатқан ақылы олимпиадалар мен байқаулар туралы сөз қозғады.

«Ақылы байқаулар көбейіп кетті. Ата-аналар кейде амалсыз балаларын қатыстыруға мәжбүр болады. Кейде ол байқаулардың пайдасы да жоқ. Кейбір интернет олимпиадаларда қағазға басып, ақша төлеп, тапсырма алып үйіне қайтқан бала бүкіл отбасы болып, тапсырманы шешіп, ақыры қандай да бір орын алады. Бұл қаншалықты пайдалы, қаншалықты дұрыс? Сондықтан, олимпиадалар бойынша Білім және ғылым министрлігінің ұстанымы бар – мектептерде қазіргідей көп әрі форматта ақылы олимпиадалар болмауы керек. Олимпиадалар мен байқаулар бізде болады. Олар керек! Бірақ, бұл ретте министрлік тарапынан нақты регламент болады», - деді Білім және ғылым министрі.