Астанада ер адам сот орындаушысына балта ала жүгірді

0
554

Елордада борышкер жеке сот орындаушысына балта ала жүгіріп, қоқан-лоқы көрсеткен.


Астанада ер адам сот орындаушысына балта ала жүгірді

ERNUR.KZ. Бұл жайында Нұр-Сұлтан қалалық жеке сот орындаушылары өңірлік палатасынан мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Өңірлік палата мәліметінше, елорданың жеке сот орындаушысы өзіне Н. есімді борышкердің атқарушылық құжаттарды орындау барысында шабуыл жасап, өміріне қауіп-қатер төндіргенін айтып, оны жауапкершілікке тарту үшін полиция басқармасына шағым түсірген. Нұр-Сұлтан қаласының жеке сот орындаушысы Т.-ның өндірісінде борышкер Н. есімде азаматтан жалпы сомасы 196 545 теңге және банк пайдасына 358 728 теңге өндіріп алу туралы 17 әкімшілік айыппұлға қатысты атқарушылық құжат бар.

«Жеке сот орындаушысы атқарушылық құжатты орындау үшін барлық іс-шараны қабылдап, борышкерге қатысты бұғаттау және шектеу шараларын жүргізді. Ол 2020 жылдың қазанынан міндеттемелерін орындаудан бас тартып жүр. Атқарушылық құжатты орындау мақсатында «Ваз 2115» маркалы автокөлікті тәркілеу туралы қаулы шығарылды. 26 қазан күні жергілікті уақытпен сағат 08.45-те сот орындаушысы борышкердің тұрғылықты жеріне барып, жол бойында тұрған көлігін тапқан», - деді Нұр-Сұлтан қалалық жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары Мадина Жанасаева.

Полиция қызметкерлерінің қатысуымен көлікті тәркілеу барысында борышкер өзін дөрекі ұстап, жеке сот орындаушысының көлікті өз еркімен беру талабын мүлдем елемеген.

«Осыдан кейін ол үйіне кіріп, балта алып шықты және жеке сот орындаушылары мен полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады. Бұл сәт видеоға жазылған. Осы уақытта полиция қызметкерлері уытты газ баллонын шашып, оны басқармаға алып кетті», - деді М.Жанасаева.

Айта кетерлігі, тағы 4 жеке сот орындаушысында борышкерден жалпы сомасы 105 631,54 теңгені құрайтын мемлекет кірісіне айыппұлдар мен салықтық берешекті өндіріп алуға қатысты құжат бар.