Астанада «Кемел жігіт — күйеу бала» ұлттық зияткерлік курсы ашылды

0
520

«Кемел жігіт-күйеу бала» Ұлттық зияткерлік курсы «Бурабай» ұлттық паркінің аумағындағы «Жеті қазына» этно ауылында екі күн бойы өтеді.


Астанада «Кемел жігіт — күйеу бала» ұлттық зияткерлік курсы ашылды

ERNUR.KZ. Бүгін «Бәйтерек» монументінің алаңында «Кемел жігіт-күйеу бала» Ұлттық зияткерлік курсының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Дін істері жөніндегі басқармасы және Діндерді зерттеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырды, деп жазады inform.kz.

— «Кемел жігіт — күйеу бала» зияткерлік курсына қатысып жатқан жастарға егеменді еліміздің жастардың рухани, ғылыми, мәдени дамуына мемлекет тарапынан көп қолдау білдіріп жатыр. Жастарды отансүйгіштік пен ауызбіршілікке, ел тарихы мен мәдениетін ұмытпауға, үлкендерді құрметтеп, кішілерге ізет білдіруге үндеймін, — деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы — Каналимов Ерлан Ермекұлы.
Екінші сөз кезегі «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы — Асанов Нұрлан Байжігітұлына берілді.
—Зияткерлік курстың атауының өзі маңызды. Әрбір жас — болашақ әке мен болашақ ана. Халқымыздың сан түрлі салт дәстүрлерінің құндылықтарын ұмытпау керек. Имандылықты бойымызға сіңіруден бөлек, тәнімізді шынықтыру арқылы кемелдікке қол жеткізуге болады. Бүгінгі сапарға шыққалы отырғандарға ақ жол тілеймін, — деді Бас имам.

Сөз соңын ата-ана қауымынан Сәмек Нұрлыбек есімді азамат аяқтап, осындай шаралардың өткізіліп жатқанына ризашылығын білдіріп, ел ағалары мен ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

Айта кету керек, «Кемел жігіт-күйеу бала» Ұлттық зияткерлік курсы «Бурабай» ұлттық паркінің аумағындағы «Жеті қазына» этно ауылында екі күн бойы өтеді. Бұл курстың мақсаты — жастар арасындағы ұлттық құндылықтар мен тарихи сананы жаңғырту, қазақ болмысы мен дәстүрлерін дәріптеу.

Іс-шараға 60 бала қатысты. Курс барысында теориялық және практикалық сабақтар өткізіледі. Теориялық сабақтар «Қазақ тарихы мен дәстүрлері», «мақал-мәтелдердегі ұлттық тәрбие», «жігітің үш жұрты» бағыттарын қамтиды. Практикалық сабақтар жасөспірімдерге мал сою, оны жіліктеу, тұздау, үйіту әдістемесі, ет турау, табақ тарту, жылқы жануарының қасиеттері, ат әбзелдерімен танысу, атқа міну және садақ ату және т. б. сияқты дәстүрлі дағдыларды тәрбиелеуге арналған.

Курс барысында балаларының өнерін тамашалауға келген ата-аналарына да ұлттық құндылықтарға негізделген танымдық дәрістер мен «Кәсіпкерлік негіздері», «Жасөспірім балалар мен ата-аналардың қарым-қатынасы» тақырыптарында семинар-тренингтер ұйымдастырылады.