Астанада «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырған «Ұлттық қолөнер мектебі» білім беру жобасының қорытынды іс-шарасы өтті.
ERNUR.KZ. 27 шілде мен 12 тамыз аралығында Қазақстанның ұлттық қолөнер саласындағы 10 үздік шебер 8-20 жас аралығындағы 208 қатысушыға дәстүрлі қолөнердің технологиялары мен қыр-сырын үйретті, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысушыларды жобаның сәтті аяқталуымен құттықтады. Ол тәлімгер шеберлерге, ұйымдастырушыларға, ата-аналарға және барлық қатысушыларға алғыс білдірді.
Үкімет басшысының орынбасары бүгінде дизайн, сән, сәулет, туризм және креативті индустриялардың өзге де бағыттарында ұлттық нақышқа деген қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл үрдіс шеберлерге де, жастарға да жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
«Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтар мен тарихи-мәдени мұраны сақтауға, шығармашыл жастарды қолдауға және креативті индустрияларды дамытуға ерекше назар аударып келеді. Қолөнер – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымы мен көркем талғамын танытатын асыл қазына. Сондықтан ұлттық қолөнерді сақтау жекелеген бұйымдарды жинақтап, көрмеге қоюмен ғана шектелмейді. Оның ең сенімді жолы – өнердің қыр-сырын шеберден шәкіртке үйретіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғау. «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы осы маңызды міндетке нақты үлес қосып отыр. Ендігі маңызды міндет – дәстүрлі қолөнерді сақтап қана қоймай, оған заманауи дем беру. Дәстүр өткеннің жәдігері болып қалмай, қазіргі дамудың қуатты ресурсына айналуы керек», – деді Аида Балаева.
Жоба қатысушылары ұлттық қолөнердің 10 бағыты бойынша тәжірибелік білім алды. Оқу бағдарламасына зергерлік өнер, ағаш пен тері өңдеу, киіз басу, қыш өнері, кілем тоқу, сүйек ою және дәстүрлі қолданбалы өнердің өзге де түрлері енгізілді.
«Ұлттық қолөнер мектебі» аясында инклюзивті білім беруге де ерекше көңіл бөлінді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы топ ұйымдастырылып, сабақтар олардың шығармашылық қабілетін ашуға, ұсақ моторикасын жетілдіруге және практикалық еңбек дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.
Қорытынды іс-шара барысында тәлімгер шеберлер мен жоба түлектеріне сертификаттар табысталып, олардың авторлық жұмыстары таныстырылды. Сондай-ақ білім беру бағдарламасының қорытындысы шығарылды.
Жобаға қатысуға 450-ден астам өтінім келіп түсті. Конкурстық іріктеу нәтижесінде 208 қатысушы тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Тәлімгер шеберлерді іріктеу де үлкен қызығушылық туғызды. Еліміздің барлық өңірінен 331 өтінім қабылданып, техникалық іріктеуден өткен 271 өтінімді конкурстық комиссия қарады. Нәтижесінде Қазақстанның ұлттық қолөнер саласындағы 10 үздік шебер таңдалды.
«Ұлттық қолөнер мектебі» ұлттық мәдени мұраны сақтап, оны жас ұрпаққа сабақтастықпен жеткізуге, дәстүрлі қолөнерді кеңінен дәріптеуге және оны заманауи креативті индустрияның маңызды бағыттарының бірі ретінде дамытуға арналған. Жоба балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға, ұлттық өнерге қызығушылығын арттыруға және болашақ креативті индустрия өкілдері үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға жағдай жасайды.


