Астанадағы нөсерден кейін әкімдік ресми мәлімдеме жасады

0
103

Астана әкімдігінің баспасөз қызметі қалада болған күшті нөсерден кейінгі жағдайға қатысты түсініктеме берді.


Астанадағы нөсерден кейін әкімдік ресми мәлімдеме жасады

Фото: unsplash

ERNUR.KZ. Жауын салдарынан көшелерді су басып, көлік қозғалысында қиындықтар туындаған, деп жазады zakon.kz.

Әкімдіктің 2026 жылғы 23 шілдедегі ресми мәлімдемесінде:

"Толассыз жауған жауын-шашынға, оның ішінде нөсерлі жаңбырға байланысты қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қаланың жаңбыр суын бұру жүйесі мен тазарту құрылыстары жауын көлемін қабылдап үлгеріп жатыр", – делінген.

Ведомство кейбір учаскелерде уақытша шағын су жиналғанын атап өтті.

"Жауын-шашын көлемі бір мезетте көп түскен жағдайда жаңбыр суын бұру жүйесі суды орта есеппен 40 минуттан 1 сағатқа дейінгі уақытта қабылдайды", – деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ әкімдік коммуналдық қызметтер коллекторлар мен су қабылдағыштарды тұрақты түрде тазалау, құбырларды бумен өңдеу, жаңбыр суын бұру жүйелері мен тазарту нысандарын салу жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.