Асырап алған баласын жетімдер үйіне өткізген ата-аналарға айыппұл салынуы мүмкін

0
859

Баланы кері қайтарған қабылдаушы ата-аналардың балаларды өз отбасына қайта асырап алу құқығы заңнамамен шектелген.


Асырап алған баласын жетімдер үйіне өткізген ата-аналарға айыппұл салынуы мүмкін

ERNUR.KZ. Асырап алған баласын жетімдер үйіне өткізген ата-аналарға айыппұл санкциясы енгізілуі мүмкін. Бұл жайында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп жазады ҚазАқпарат.

«Баланы кері қайтарған қабылдаушы ата-аналардың балаларды өз отбасына қайта асырап алу құқығы заңнамамен шектелген. Сонымен қатар сот шешімі негізінде бұрынғы бала асырап алушы ата-аналар баланы күтіп бағу үшін алимент төлейді. Баланы қабылдап алушы бұрынғы ата-аналарға айыппұл санкциясын енгізу туралы ұсынысты мұқият зерделеуді, халықаралық тәжірибені талдауды және қоғамдық талқыға салуды ескере отырып, министрлік (Оқу-ағарту министрлігі) мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес сектордың, халықаралық сарапшылардан тұратын жұмыс тобын құрды», - деп атап өтеді Үкімет басшысының орынбасары жауабында.

Оның атап өтуінше, жұмыс тобы бұрынғы қабылдап алушы ата-аналарды жауапкершілікке тартудың әлемдік тәжірибесін зерттеп, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға балалардың қайтарылу себептерін талдайтын болады.

«Атқарылған жұмыстың нәтижесі бойынша қажет болған жағдайда бұрынғы баланы қабылдап алушы ата-аналарға айыппұл санкциясын енгізуге қатысты заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар әзірленеді. Министрлік жұмыс тобы шегінде бүкіл ұсыныстарды талқылауға әзір»,- деді Тамара Дүйсенова.