Атқарушылық іс жүргізуді цифрландыру қазақстандықтарға шамамен 4 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді

0
109

Барлық ақша аударымдары бұдан былай тек атқарушылық іс жүргізудің цифрлық жүйесі арқылы, «Қазпошта» инфрақұрылымы мен екінші деңгейлі банктердің қатысуымен жүзеге асырылады.


Атқарушылық іс жүргізуді цифрландыру қазақстандықтарға шамамен 4 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді

ERNUR.KZ. Қазақстанда атқарушылық іс жүргізу цифрлық форматқа көшірілді. Барлық негізгі процестер мемлекеттік цифрлық жүйе арқылы жүзеге асырылады, мемлекеттік органдармен мәлімет алмасу автоматтандырылған. Сонымен қатар заманауи цифрлық шешімдер белсенді түрде енгізілуде. Бұл туралы ҚР әділет вице-министрі Даниель Ваисов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Солардың бірі – автоматтандырылған жеңілдетілген атқарушылық іс жүргізу.

«Осы тетік аясында жалпы сомасы 15 млрд теңгеден асатын 750 мыңнан астам атқарушылық құжат орындалды. Азаматтардың жеке сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеу бойынша үнемдеген қаражаты бүгінде шамамен 4 млрд теңгені құрады», – деді спикер.

2025 жылдың шілде айында AdiletGov мобильді қосымшасына біріктірілген «Тараптардың кабинеті» модулі іске қосылды. Оны 330 мыңнан астам адам жүктеп алған. Қосымша арқылы азаматтар сот орындаушысының барлық әрекеттерін бақылап, қажетті ақпаратты ала алады, сондай-ақ оның әрекеттерімен келіспеген жағдайда электрондық форматта өтініштер мен өтінішхаттар жолдай алады.

Сонымен қатар әрбір атқарушылық іс жүргізу бойынша іс-қимыл жоспарын автоматты түрде қалыптастырып, сот орындаушыларының әрекеттерінің толық әрі уақтылы орындалуын бақылайтын «Цифрлық ассистент» сервисі енгізілді.

2025 жылдың қыркүйегінде орындауға ұсыну мерзімі өтіп кеткен атқарушылық құжаттар (талап қоюдың ескіру мерзімі – 3 жыл) бойынша шектеу шараларын алып тастау және борышкерлерді Бірыңғай борышкерлер тізілімінен шығару процестері автоматтандырылды. Нәтижесінде азаматтардың өтініштері 55%- ға азайды.

2026 жылы Бірыңғай есепке алу жүйесімен және еңбек шарттарын есепке алу жүйесімен интеграция жүзеге асырылды. Соның арқасында Бірыңғай борышкерлер тізіліміне енгізілген борышкерлердің құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуына автоматты түрде шектеу қойылып, олардың жұмыс берушілері туралы мәліметтер алынуда. Нәтижесінде 2,9 мың атқарушылық іс жүргізу бойынша жалақыға өндіріп алу шарасы қолданылып, 74 мыңнан астам автоматтандырылған сұрау салынды.

2026 жылдың екінші жартыжылдығында атқарушылық іс жүргізуді проактивті бақылау тетігін, «Жеке сот орындаушысының досьесі» атты талдамалық модульді, екінші деңгейлі банктермен, Бірыңғай сақтандыру деректер базасымен, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Ішкі істер министрлігінің цифрлық жүйелерімен интеграцияны енгізу жоспарланып отыр. Бұл борышкерлердің табыстары, мүлкі және көлік құралдары туралы мәліметтерді жедел алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 2026-2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар аясында такси және жеткізу қызметі саласында жұмыс істейтін борышкерлердің табыстары туралы ақпаратты сот орындаушыларына автоматты түрде ұсыну процесін енгізу көзделген.

Бұдан бөлек, өндіріп алынған қаражатты өндіріп алушыларға уақытылы аудармау мәселесін шешу үшін атқарушылық іс жүргізудің цифрлық жүйесінде жеке сот орындаушыларына арналған интернет-банкингке ұқсас жаңа сервис әзірленді. Ол Smart Bridge платформасында жарияланды. Осылайша, барлық ақша аударымдары бұдан былай тек атқарушылық іс жүргізудің цифрлық жүйесі арқылы, «Қазпошта» инфрақұрылымы мен екінші деңгейлі банктердің қатысуымен жүзеге асырылады.