Кінәлі жігіттің 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығы шектелді.
ERNUR.KZ. Сот шешімімен 28 жастағы жігіттің бас бостандығы шектелді, деп жазады inbusiness.kz.
Облыстық полиция департаменті оқиғаның қалай болғанын былайша баяндайды: Атырау облысы Жылыой ауданы Қосшағыл ауылында 31 жастағы азамат шамамен сағат 23.00-де азық-түлік дүкенін жауып, жаяулатып үйіне қайтып бара жатқан. Сол кезде көршісі қоңырау шалып, дүкенін ашуды талап етеді. Көршісі арақ сатып алмақ болған. Ауыл тұрғыны түнде дүкенді аша алмайтынын түсіндірген. Алайда әлгі ер адам оны еш себепсіз боқтап-балағаттап, араларында ұялы телефон арқылы келіспеушілік туындайды. Сөйтіп екеуі үй маңынан кездесетін болып шешеді.
Дүкен иесі межелі орынға келсе, ішімдік аламын деп шу шығарған көршісінің жанында 30, 34 жастағы екі азамат болған. Барлығы да бір-бірімен жақсы таныс. Алдымен, дүкен иесі өзін не себепті боқтап-балағаттағанын сұрайды. Ал, көршісі іс-әрекетін қайта бастайды. Ашуланған дүкен иесі әлгіні ұрып жіберген. Көршісі қалтасынан пышақ шығарып, дүкеншінің сол жақ кеуде тұсынан сұғып, оған ауыр дене жарақатын салады. Қасындағы таныстары араша түсіп, жәбірленуші ауруханаға жеткізіледі. Қылмыстық іс сотқа жолданып, кінәлі адамның 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығы шектелді.
«Биыл Жылыой ауданында денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің 5 фактісі тіркелді. Қылмыстық істер бойынша, күдіктілер ҚР ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігімен заң алдында қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл қылмыстардың басым бөлігі, бірге алкогольдік ішімдік ішкен адамдар арасында, үй ішінде, жұмыс жатақханаларында, құрылыс аймақтарында орын алып отыр. Ауыр дәрәжеде дене жарақатын алу медициналық критерилерге байланысты, сот-сарапшысының баға беруімен анықталады», - деді Атырау облысы полиция департаменті бастығы полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.