Жүргізілген сараптамалар нәтижесі жануарлардың аса қауіпті ауруға шалдықпағанын көрсеткен.
ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Атырау мен Маңғыстау облыстарының маңындағы түйенің қырылу жағдайына қатысты пікір білдірді, - деп жазады Тengrinews.kz.
Министрліктің мәліметінше, Атырау облысының мал дәрігерлері бірнеше зерттеу жүргізген. Сараптамалар қорытындысы түйелердің танауындағы шынымқұрттардан қырылғанын көрсетті.
"Атырау облысында 3-28 шілде аралығында 19 түйенің өлімі тіркелген. Ал бүгінде жағдай тұрақты, барлығы өңірлік мал дәрігерлік қызметтің бақылауында. Сондай-ақ, соңғы күндері жүргізілген сараптамалар жануарлардың аса қауіпті ауруға шалдықпағанын көрсетті. Ал Маңғыстау облысындағы түйелердің өлімінің алдын ала себебі - олар алкалоидтерден (құрамында азоты бар органикалық зат) уланған", - делінген министрліктің хабарламасында.