Қайтыс болғандардың аты-жөні анықталып жатқаны хабарланды.
иллюстрациялық фото
Атырау облысында жол апаты салдарынан тоғыз адам қайтыс болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Facebook парақшасында жазды.
"Атырау облысында қайғылы жол-көлік оқиғасы орын алды. Атырау-Ақтөбе бағытындағы тас жолда екі көлік соқтығысып, салдарынан екі көліктің жүргізушісі, жолаушылар – барлығы 9 адам түгелдей көз жұмды. Қазіргі уақытта қаза тапқандардың аты-жөндері анықталуда, оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Ал күндіз қайғылы жол-көлік оқиғасы Павлодар облысында тіркелді. Тас жолдың бойында ВАЗ-21041 автокөлігі мен МТЗ тракторының тіркемесі соқтығысып, жеңіл автокөліктің жүргізушісі және оның барлық төрт жолаушысы мерт болды. Ескерте кететін жай, жол-көлік оқиғаларының 96%-і жүргізушілердің кінәсінен орын алады. Патрульдік кезекшіліктер және бейнекамералар жоқ автожолдар мен тас жолдардарда жүргізушілер өрескел ереже бұзушылықтар жасайды. Нақтырақ айтқанда, жылдамдықты шамадан тыс арттырып, тыйым салынған және қауіпті аймақтарда алдыңғы көлікті басып озуға тырысады. Ал мұндай желігудің соңы көбіне қайғылы апатқа, орны толмас өкінішке ұрындырып жатады", - дейді ішкі істер министрі.
Тәртіп сақшыларының мәліметіне сәйкес, жол апатының 96 процентінде жүргізуші кінәлі болады.
Министрлік статистикасы бойынша көлікті бір жылдан аз жүргізетіндердің апатқа себеп болу көрсеткіші тек 1,8 % шамасында екен, ал қалған апаттар тәжірибелі жүргізушілер кесірінен болады.