Атыраулық аналар дәрігерлер мен полицейлерге 6,5 миллион теңге аударды

0
848

Төтенше жағдай кезінде алдыңғы шепте жанкешті еңбек етіп жүрген 100 медицина, 30 полиция қызметкеріне қаражат аударған.


Атыраулық аналар дәрігерлер мен полицейлерге 6,5 миллион теңге аударды

иллюстрациялық фото

Атырауда аналар төтенше жағдай режимі кезінде алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер мен полицейлерге 6,5 миллион теңге аударды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдеді.

Акцияға бастамашы болған қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Рашиля Мұрсәлиева «MEIRIM SHUAGY» акциясы аясында қаржыдан бөлек, «Өнерпаз» ЖШС басшылығымен 1000 маска тігіліп, тегін таратылған.
"Небары он күннің ішінде 6 миллион 500 мың теңге көлемінде қаржы жиналды. Қаржыны алдыңғы шепте жанкешті еңбек етіп жүрген 100 медицина, 30 полиция қызметкеріне, барлығы 130 адамға 50 мың теңгеден бөліп аудардық. Себебі, карантин жағдайында еңбек етіп жүрген мамандарымыздың отбасылары, балалары бар. Осындай қиын жағдайда 130 адамға ақшалай ғана көмек көрсетілген жоқ. Бұл жерде аналарымыздың ақ батасы да бар" - дейді ізгі істің бастауында жүрген қоғам қайраткері Рашиля Мұрсалиева.
Ізгілік акциясына Атырау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, қоғам белсенділері, еңбек ардагерлері, БАҚ өкілдері, Исатай, Индер, Махамбет, Қызылқоға ауданының белсенді әйелдері атсалысты.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің бастамасымен демеушілік қолдау арқылы, алдыңғы шепте жүрген 634 медициналық қызметкерге 50 мың теңгеден ынталандыру ақы берілген болатын.


Жалпы, Атырау облысы бойынша медицина мамандарына үстемеақы төлеу үшін 288,7 миллион теңге бөлінді.