Атырауда әскери жойғыш ұшақ ұшып өтіп, тұрғындарды шошытты

0
92

Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.


Атырауда әскери жойғыш ұшақ ұшып өтіп, тұрғындарды шошытты

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Атырау аспанынан әскери жойғыш ұшаққа ұқсас әуе кемесі байқалды, деп жазады stan.kz.

Куәгерлердің айтуынша, ұшақ әуелі Нарсуд ауданының үстінен ұшып өтіп, кейін Сауда базасы мен Жилгородок бағытына бет алған.

Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Ел тұрғындары әскери ұшақтың қала үстінен қандай мақсатпен ұшқанына қатысты түрлі болжам айтып жатыр.

“Қазақстанның әуе кеңістігі бұзылды. Әуе қорғанысы құралдарын күшейтіп, бөтен ұшу аппараттарын атып түсіру қажет”, “Тыныштық болса екен. Қорқатын болдық қой”, “Ойыншық сияқты. Шынайы болса видеоға түсіріп алаңсыз отырмас едіңдер”, “Жасанды интеллектімен жасалған”, – деп жазды олар.

Аталған жағдайға Қорғаныс министрлігі пікір білдірді. Олардың мәліметінше 24 маусымда Атырау қаласының аспанында Әскери-әуе күштерінің Су-30СМ ұшағы жоспарлы оқу-жаттығу ұшуын өткізген.

“Мұндай ұшулар ұшқыштар құрамын даярлау аясында тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл ұшқыштардың кәсіби дағдыларын шыңдауға, авиациялық техниканы қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған. Барлық іс-шара бекітілген жоспарлар мен қауіпсіздік талаптарына сай орындалады. Ұшу штаттық режимде өтті және қала тұрғындарына ешқандай қауіп төндірмеді. Алаңдауға ешқандай себеп жоқ”, – делінген хабарламада.

Оған қоса ведомство әлеуметтік желілерде әртүрлі жарияланымдардың таралуына байланысты азаматтарды мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сүйенуге және тексерілмеген хабарламаларға сын көзбен қарауға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстанда ұшқышсыз ұшу аппаратының сынықтары табылғаны туралы жазған едік.