Биылғы 10 айда 286 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
ERNUR.KZ. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, республикалық маңызы бар тас жолдардың бойында орналасқан елді мекендердегі мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іс-шара өткізілген, деп жазады inbusiness.kz.
"Полиция қызметкерлерінің міндетінің біріне балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау да кіреді. Сол себептен, бастауыш сынып оқушыларына жарық шағылыстырғыш бас киімдер, сөмке мен сыртқы киімге арналған арнайы жабыстырғыштар таратылды. Жалпы талдауға сәйкес, кәмелетке толмаған жасөспірімдер зардап шеккен жол-көлік оқиғаларының көпшілігі елді мекендердегі жол бойында тіркеледі. Өйткені, ауылдардағы жолдарда жарық шамдары аз, ал, көлік жүргізушілері мектеп оқушыларын қараңғыда байқамай қалады. Осының салдарынан балалар көптеп зардап шегеді", - дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Аманжол Жұмалиев.
Баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, биылғы 10 айда 286 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
"Облыс аумағындағы жол-көлік оқиғаларының салдарынан 78 адам мерт болды. Жол апатынан 340 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 17, адам өлімі 36, дене жарақатын алғандар саны 18%-ға өскен. Осы кезеңде жасөспірімдердің құралын басқаруының салдарынан болған 6 жол апаты тіркеліп отыр. Жол апатынан 1 жасөспірім қаза тауып, 9-ы зардап шеккен", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.