Атырауда блогер тұрғындардың әкімдік алдына жиналуына себепкер болған

0
584

Полиция қызметкерлері 24 жастағы блогерді анықтады.


Атырауда блогер тұрғындардың әкімдік алдына жиналуына себепкер болған

ERNUR.KZ. Атырауда блогер тұрғындардың облыстық әкімдік ғимаратының алдына жиналуына себепкер болған, деп жазады ҚазАқпарат.

«23 сәуірде сағат 18:00 шамасында 24 жастағы блогер Instagram-да желі қолданушыларына 50 мың теңгені облыстық әкімдік ғимаратының алдында тұрған шыршалардың біріне жасырғанын хабарлаған. Жасырылған ақша оны бірінші тауып алған адамға берілетінін жазған. Осыған байланысты қала тұрғындары облыстық әкімдік ғимаратының алдына жиналып, карантин тәртібін бұзған», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері 24 жастағы блогерді анықтап, карантин тәртібін бұзғаны үшін түсініктеме алған. Блогерге қатысты іс-құжаттар Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасына жолданды.

Сондай-ақ, блогердің автокөлікте қауіпсіздік белдігін тақпағандығы анықталған. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 615-бабының 1-бөлігімен (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларының талаптарын орындамауы) әкімшілік хаттама толтырылып, 2 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Еске сала кетелік, бұған дейін алаяқ Атырау тұрғындарына жер алып беруге уәде еткенін хабарлаған едік.