Оқиға 24 шілдеге қараған түні сағат он екі жарымда қаладағы орталық көпірде болған. Себебі анықталып жатыр.
ERNUR.KZ. Атырауда әйел бес жасар баламен бірге көпірден секіріп кетпек болды. Оқиға 24 шілдеге қараған түні сағат он екі жарымда қаладағы орталық көпірде болған, деп жазады sputniknews.kz.
Басылымның хабарлауынша, әйелдің бұл әрекетіне Ұлттық ұлан сарбаздары тосқауыл болды.
"Патрульдеу кезінде әскери нарядтың кіші сержанты Еркен Нұрғалиев, қатардағы жауынгерлер Дмитрий Коваленко мен Нұрсейіт Құсайынов қараңғыда бала ұстаған әйелді көрген. Ол көпір қоршауында тұрды", - деп хабарлады Ұлттық ұлан "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
Әскери қызметшілер кезекшіге баяндап, полиция шақырған.
Полиция келгенге дейін олар көпірден секірмек болған әйелмен сөйлесіп, оқыс оқиғаның алдын алуға тырысты.
Нәтижесінде әскери қызметкерлер әйелді мұндай әрекет жасамауға көндірді. Оның неге суицид жасағысы келгені анықталып жатыр.