Атырауда көшелерді кәріз суы басты

0
1 304

Нұрсая шағын ауданында кәріз жүйесі істен шыққан.


Атырауда көшелерді кәріз суы басты

ERNUR.KZ. Атырауда Нұрсая шағын ауданының көшелері мен аулалары кәріз суының астында қалды. Оған көршілес "Жерұйық" тұрғын үйіндегі кәріз жүйесінің істен шығуы себеп болған, деп жазады sputnik.kz.

Тұрғындар пәтерлеріне жағымсыз иіс сіңіп кеткенін, жаяу жүргіншілер жолынан өту мүмкін емес екенін айтып шағымданды. Балалар да ауладағы ойын алаңында ойнай алмай отыр.
"Балалар қазір демалыста. Көбісі үйден шықпайды. Олардың ойнайтын жері жоқ, ойын алаңдарын кір су басқан. Иісі де жағымсыз. Апат кезінде жылу, ыстық және суық су өшіріп тастаған. ПИК жұмыс істемейді. Олар ақша жинау керек болған кезде ғана пайда болады", – деді Күншуақ тұрғындары.
Күншуақ өткеліндегі үйлер 5 жыл бұрын пайдалануға берілген. Бірақ тұрғындардың айтуынша, кәріз құбыры ай сайын бұзылады екен.
Қала әкімдігі Нұрсая шағын ауданындағы "Жерұйық" тұрғын үй кешенінде кәріз жүйесі істен шығып, апатты жағдай туындағанын хабарлады.
"Кәріз құдығы толып, бәрі ағып кетті. Сорғы істен шықты және ағынды су орталық кәріз жүйесіне жете алмады. Осы үйлерге қызмет көрсететін "Сапа" ПИК апаттан кейінгі жұмыстарды жүргізді. Ағынды су вакууммен сорылды. Сондай-ақ "Спецавтобаза" ЖШС қосымша техника бөлді", – деп жауап берді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.