Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәрі-дәрмекті 200 адамға тарату көзделген. Алайда, тегін дәрі-дәрмекті алу үшін 700-ден 1000 адамға дейін жиналған.
ERNUR.KZ. Бүгін Атырауда санитарлық талаптың сақталмауынан тегін дәрі-дәрмек таратылмай қалды, деп жазады ҚазАқпарат.
Кеше әлеуметтік желілер арқылы «KomekAtyrau» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қаладағы Авангард ықшамауданының соңғы аялдамасында тегін дәрі-дәрмек таратылатыны хабарланған еді. Алайда, бүгін тегін дәрі-дәрмек таратылған жоқ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәрі-дәрмекті 200 адамға тарату көзделген. Алайда, тегін дәрі-дәрмекті алу үшін 700-ден 1000 адамға дейін жиналған.
Осыған орай Атырау қалалық әкімдігі төмендегідей ақпарат таратты.
«Бүгін, 4 шілдеде «KomekAtyrau» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен дәрі-дәрмек тарату акциясы ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар қауіпсіздік шаралары мен әлеуметтік қашықтықты сақтауды қамтамасыз ете алмады. Атырау қалалық әкімдігінің бұл акцияны ұйымдастыруға қатысы болған жоқ. Қазіргі уақытта акция тоқтатылды. Ұйымдастырушылар жауапкершілікке тартылады. Әкімдік өңірде халыққа қажетті дәрі-дәрмекті жеткізуді ұйымдастыруға қажетті шаралар қабылданғанын хабарлайды. Мұндай акцияны ұйымдастырушылар бірінші кезекте халықтың қауіпсіздігін ойластыруы қажет. Барлық акция заңдылыққа сай ұйымдастырылуы тиіс. Әкімдік халыққа көмек беру жөніндегі қосымша ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін білдіреді» -делінген Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ал, облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі акцияға жиналған халықтың таратылғанын жария етті.
«Полиция қызметкерлерімен акцияға жиналған халық таратылды. Ал, 7 адамға қатысты жинақталған іс құжаттары шешім қабылдау үшін Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына тапсырылды» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.