Атырауда топырақты заңсыз сатқан компанияға 851 млн теңге айыппұл салынды

0
729

2021-2022 жылдары 88 542 м³ топырақты заңсыз сатқан.


Атырауда топырақты заңсыз сатқан компанияға 851 млн теңге айыппұл салынды

ERNUR.KZ. Атырау облысында «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-ның кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге рұқсатты пайдалана отырып, 2021-2022 жылдары 88 542 м³ топырақты заңсыз сатқаны анықталды, деп жазады ulysmedia.kz.

Облыстық прокуратура мәліметінше, рұқсатты беру үшін «Морское» кен орнындағы гидротехникалық құрылыстардың үйіндісін қалпына келтіру туралы мердігерлік шарт негіз болған. Алайда шартта топырақты өзге мақсатта сату көзделмеген.

“Облыс әкімдігіне енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің нәтижелері бойынша «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-дан бұрын берілген рұқсат қайтарып алынды. Аталған факт бойынша «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-дан сотпен 851 млн теңге мемлекетке келтірілген залал өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді”, – делінген хабарламада.

Прокурорлар жер қойнауы ресурстарына, оның ішінде өңірдің экологиясына зиян келтіргені үшін жауаптылықтың сөзсіз болатынын ескертті.

Айта кетейік, бұдан бұрын мемлекетке миллиардтаған теңгенің кен орындары қайтарылды.

Жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісімшарттар мен лицензияларды қайта қарау нәтижесінде уәкілетті органдар 118 келісімшартты (2023 жылдың басынан бері – 19 келісімшарт) және қатты пайдалы қазбалар бойынша 245 лицензияны (2023 жылдың басынан бері – 42 лицензия), сондай-ақ көмірсутек шикізаты бойынша 27 келісімшартты (2023 жылдың басынан бері – 15 лицензия) бұзды.